19.04.2022, 16:37 15266

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет: "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің 180 млрд теңге ұрлауының жолы кесілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет: "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің 180 млрд теңге ұрлауының жолы кесілді
НҰР-СҰЛТАН. 19 СӘУІР - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бас прокуратураның үйлестіруімен "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің 180 млрд теңге көлемінде ақша қаражатын ұрлаудың алдын алды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғалары және "ӨКМ Операторы" ЖШС басшылығы электр энергиясын өндіретін 6 қоқыс жағатын зауыт салу үшін жеке ұйымды заңсыз қаржыландыру жолымен кәдеге жарату алымдары түрінде жиналған 180 млрд теңгені ұрлауды жоспарлаған", - деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ведомствосының ресми өкілі Арман Тілеукенов.

 
Оның ақпараты бойынша, бұл ретте электр энергиясын мемлекет 15 жыл ішінде негізсіз жоғары тариф бойынша сатып алуға және жеке компанияға миллиардтаған пайда әкелуге кепілдік беруі керек болған.
 

Уақтылы қабылданған шаралар нәтижесінде аталған заңсыз әрекеттер әшкереленіп, ақшалай қаражат тұтқындалды. Экология вице-министрі мен "ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы басшылары қамауда. Кінәлілік туралы қорытынды шешімді сот анықтайды", - деді Тілеукенов.

 
Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.
 
Бұған дейін хабарланғандай, "ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы басқарушы директоры 13 млрд теңге ұрлады деген күдікке ілінді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны