17.10.2022, 17:19 18046

Жамбыл облысында есірткі мен қарудың ірі партиясымен ҰҚТ ұсталды

Жамбыл облысында есірткі мен қарудың ірі партиясымен ҰҚТ ұсталды
Сурет: Polisia.kz
Тараз. 17 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Жамбыл облысында есірткі саудасымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды.
 
Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өсімдік тектес есірткі құралдарын (марихуана, гашиш) дайындаумен, тасымалдаумен және еліміздің басқа өңірлеріне өткізумен (ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап) айналысатын Жамбыл облысы Шу ауданының 5 тұрғынынан тұратын қылмыстық топты құрықтады.
 

14 қазанда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық қатысушыларын бір мезгілде ұстау жүзеге асырылды. Тінту жүргізу нәтижесінде жалпы салмағы 100 келiден асатын есірткі құралдарының (марихуана және гашиш) ірі партиясы, сондай-ақ Ақсу автоматы және 5,45 мм калибрлі 30-дан астам патрон тәркіленді", - деп хабарлады полиция.



Аталған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелеріне қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу), ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігімен (Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу) және ҚР ҚК 287-бабымен (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
 
Қазіргі уақытта ұсталғандардың барлығы ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды.
 
Бұдан басқа, Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері биылғы жылдың 16 қазанында облыс орталығының аумағында Калашников автоматы, ТОЗ-63 қос ұңғылы аңшылық мылтығы, ИЖ-58 16 калибрлі қос ұңғылы мылтықтың және 5.45 калибрлі 90-нан астам патронның кесіндісі тәркіленген қару-жарақ қоймасын анықтады. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.
 
Жалпы, Жамбыл облысы ПД қызметкерлері жыл басынан бері заңсыз айналымнан 605 бірлік атыс қаруын тәркіледі. Оның 376-сы ІІО-нан ұрланған, ал 229 бірлігi өзге де қылмыстық қаруға жатады.

Бұған дейін елордада ҰҚТ-ның үш қарулы мүшесі ұсталғаны хабарланған болатын.
 
Ақпарат көзі: Polisia.kz 
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны