
Сурет: Казатомпром
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республиканың Еуропалық одақ мұнай импортының шамамен 13%-ын және табиғи уран жеткізілімдерінің 16%-ын қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Брюссельге сапары қарсаңында Euronews үшін жазған авторлық мақаласында
атап өтті.
Тоқаевтың мәлімдеуінше, энергетикалық қауіпсіздік Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара сенімнің негізгі мысалдарының бірі болып табылады. Бұл саладағы ынтымақтастық жаһандық тұрақсыздық жағдайында екі тараптың да орнықтылығын арттыруға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып қала беретінін атап өтті. Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына он жыл өтсе де, ЕО ел экономикасында маңызды рөл атқарып келеді. Қазақстанда мыңдаған еуропалық компания жұмыс істейді. Президенттің айтуынша, олар ұлттық экономиканы жаңғыртуға және әртараптандыруға үлес қосып отыр.
Тоқаев Қазақстан мен Еуропалық одақ ынтымақтастығының келесі кезеңі орнықтылықты нығайтуға, өзара байланыстарды кеңейтуге және азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, әлемдік геосаяси жағдай өзгеріп жатқан кезде елдер не қарсылас блоктарға бөлінуі мүмкін, не өзара құрмет пен ортақ мүдделерге негізделген серіктестік құра алады.
Қазақстан Президенті азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне де назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан әлемдегі ірі астық өндірушілер мен экспорттаушылардың бірі саналады және жеткізілімдерді әртараптандыруға ұмтылған еуропалық нарық үшін айтарлықтай мүмкіндікке ие.
Мемлекет басшысы Еуропа мен Азия арасындағы Орта дәлізді дамыту мәселесіне жеке тоқталды. Ол Қазақстан көлік байланысын экономикалық өсімнің маңызды факторы ретінде қарастыратынын және бұл бағыт еуропалық нарықтар мен Орталық Азия елдері арасындағы негізгі байланыстырушы буынға айналуы мүмкін екенін атап өтті.
Сонымен қатар Тоқаев аса маңызды шикізат материалдары, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, ғылым және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды. Ол Қазақстан бірлескен инновациялық жобаларға және академиялық ұтқырлықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтты.
Мақалада мемлекет басшысы Қазақстан мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға және инвесторлар үшін болжамды жағдай жасауға бағытталған саяси және экономикалық реформаларды жалғастырып жатқанын да атап өтті.