20.01.2026, 09:41 2436

Қазақстан өңірлері мен Шэньси провинциясы арасындағы ынтымақтастықты дамыту әлеуеті қарастырылды

Қазақстан өңірлері мен Шэньси провинциясы арасындағы ынтымақтастықты дамыту әлеуеті қарастырылды
Сурет: gov.kz
Қазақстан өңірлері мен Шэньси арасындағы практикалық байланыстары мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету мақсатында, Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Қытай күрес федерациясының вице-президенті - Шэньси өңірінің Ауыр атлетика, күрес және дзюдо орталығының басшысы Ян Чанлинмен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы спорт саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму бағыттарын талқылады. Бас консул Қазақстан мен Шэньси провинциясының арасындағы серіктестіктің тарихына тоқталып, екі ел спортшыларының өзара бірлескен жаттығуларын өткізіп, тәжірибе алмасу мүмкіндігі жайында ой бөлісті.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар тәрбиесіне және ұлттық спорт деңгейін көтеру бағытындағы мемлекеттік бағдарламасы тиімді нәтиже бергені аталып өтті. Елімізде спортқа бейім дарынды балаларға арналған мамандандырылған спорт кешендерінің желісі жүйелі түрде дамып жатқанын баяндады. Бұл реформалардың спорт резервін тұрақты түрде нығайтуға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті спортшыларды даярлауға бағытталғанын атап өтті.

Ян Чанлин Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың зор әлеуетін атап өтті. Өз жаттығу орталығы түлектерінің халықаралық турнирлер мен Олимпиада ойындарында жүлделі орындар алып жүргенін мақтанышпен атап өтті. Бірқатар спорт түрінен қазақстандық спортшылардың әлемдік жетістіктерін мойындап, екі елдің спортшылары арасында бірлескен жаттығулар өткізуге қызығушылығын жасырмады. Сонымен қатар өзара тиімді жаңа спорттық бағыттарын дамытуға қызығушылық танытты.

Өз сөзінде, 2025 жылы Сиань қаласында "Орталық Азия - Қытай елдері күрес түрлерінің үздіктері" тақырыбында алғашқы рет еркін және классикалық күрестен достық кездесу өткізілгенін, оған Қазақстан палуандарының қатысқанын ризашылықпен атап өтті. Бұл үрдісті биыл да Сианьда өткізуді және Қазақстанның күрестен жастар құрама командасын шараның негізгі қонағы ретінде шақыруды ұсыну ойымен бөлісті.

Сондай-ақ, Бас консул спортшыларға арналған спорттық, медициналық, оңалту және білім беру инфрақұрылымының нысандарымен және инклюзивті спорт орталығының қызметімен танысты. Атап айтқанда, күрес, ауыр атлетика және дзюдо бойынша оқу-жаттығу спорт кешенін аралап, спортшылардың күнделікті тұрмыс жағдайын көрді.

Кездесу соңында тараптар спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екендерін білдірді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны