22.01.2026, 15:29 4131

Қазақстан мен Корея өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетуде

Қазақстан мен Корея өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетуде
Сурет: gov.kz
Чонджу қаласында Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов пен Корея Республикасының Чунчхонбук-до провинциясының Губернаторы Ким Ён Хванның кездесуі өтті. Кездесу барысында Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін қарастырып, екіжақты байланыстар мен туристік алмасудың оң серпінін атап өтті.

Чунчонбук-до провинциясы Корея Республикасының серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің бірі болып табылады және өнеркәсіп, инновациялар мен туризм салаларында айтарлықтай әлеуетке ие. Бұл Қазақстан өңірлерімен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.

Сапар аясындағы ерекше шаралардың бірі Чонджу қаласында ұйымдастырылған, Қазақстанның тарихына, мәдениетіне және қазіргі дамуына арналған фотовыставканың ресми ашылуы болды. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген қазақ дипломаты мәдени бастамалардың Қазақстан мен Корея халықтары арасындағы өзара түсіністік пен жақындасуды нығайтудың тиімді құралы ретіндегі маңызын атап өтті.

Экспозиция Қазақстан халқы ассамблеясының Достық елшісі Ким Сан-уктың шамамен 50 фотожұмысын қамтиды. Автордың объективі арқылы келушілерге қазақстандық қалалардың заманауи келбеті мен елдің бай мәдени мұрасы ұсынылған. Көрме Чонджу өнер орталығында өтіп жатыр және 2026 жылғы 25 қаңтарға дейін жалғасады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны