Қазақстан мен Кувейт қаржылық ынтымақтастық пен инвестициялық өзара іс-қимылдың жаңа перспективаларын ашуда
Сурет: gov.kz
Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт Мемлекетінің Қаржы министрі Якуб Әл-Рефаимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен Кувейт арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру барысын талқылады.
2026 жылдың екінші жартысында өтуі жоспарланған Қазақстан-Кувейт сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының төртінші отырысының дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, тараптар Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Кувейт Мемлекеті Үкіметі арасындағы табыстарға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтарудың алдын алу туралы келісімге қол қоюға дайындық барысын талқылады. Құжат бойынша жұмыс аяқталу сатысында екені, ал оған қол қою екі ел арасындағы экономикалық әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болатыны атап өтілді.
Қазақ Елшісі сұхбаттасушысын елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерімен таныстырып, Қазақстан экономикасының тұрақты өсімін және оның Орталық Азиядағы жетекші экономикалардың бірі ретіндегі ұстанымын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен кувейттік инвестицияларды тартудың перспективалы бағыттары таныстырылды.
Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін Парсы шығанағы елдеріне тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыруға бағытталған бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, Кувейт Мемлекетінің Қаржы министріне Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыру хаты табыс етілді.
Кувейт тарапы шақыруды ризашылықпен қабылдап, Қазақстан тарапының сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі бастамаларын қарастыруға қызығушылық білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

