08.04.2026, 19:06 1461
Қазақстан мен Пәкістан білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуда
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Пәкістанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі - "Заманауи тілдер ұлттық университетіне" (National University of Modern Languages - NUML) барып, университет ректоры Шахид Махмуд Каянимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ү.ж. 3-4 ақпанда Пәкістанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындыларын, сондай-ақ білім беру саласында қол жеткізілген уағдаластықтарды талқылады.
NUML басшысы университеттің бүгінгі таңда Қазақстанның бірқатар жетекші жоғары оқу орындарымен байланыс орнатқанын және академиялық байланыстарды нығайту, сондай-ақ көпқырлы ынтымақтастықты дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Пәкістан жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған перспективалы бағыттар мен жобалар қарастырылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша NUML делегациясының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
10.04.2026, 23:02 241
Қазақстан-Польша Үкіметаралық комиссиясы аясында ынтымақтастық перспективалары қарастырылды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Астанада Қазақстан-Польша Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 10-шы отырысы өтті. Іс-шараның мақсаты екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайту болды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
ҮАК тең төрағалары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов және Польша Республикасы Экономикалық даму және технологиялар министрінің орынбасары Михал Барановский - салалық ведомстволар өкілдерімен бірге екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету шараларын талқылады.
Тараптар серіктестікті дамытуға өзара мүдделілікті растады және агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, көлік, фармацевтика және цифрлық технологиялар сияқты негізгі салалардағы ынтымақтастық перспективаларын қарастырды.
Польша Орталық-Шығыс Еуропа мен Еуропалық Одақтағы Қазақстанның сенімді серіктесі болып табылады. Дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері Астана мен Варшава сындарлы саяси диалогты нығайтып, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтіп келеді", - деді А.Исетов, Польша компанияларының Қазақстандағы табысты қызметін атап өтіп.
Өз кезегінде, поляк тарапы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан экономиканы әртараптандыру және инвестициялық тартымдылықты арттыру шараларына қызығушылық танытып, Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретіндегі рөлін растады.
Тараптар сондай-ақ бұған дейін өткен Қазақстан-Польша бизнес-форумының іскер топтар арасында тікелей байланыстар орнатудағы тиімді алаң ретіндегі маңызын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметаралық комиссияның 10-шы отырысының Хаттамасына қол қойылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.04.2026, 22:00 356
Сеулде "Орталық Азия - Корея Республикасы" алғашқы саммитіне дайындық мәселелері талқыланды
Достарға айту
Сеулге сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев "Орталық Азия - Корея Республикасы" ынтымақтастық форумының Аға лауазымды тұлғаларының бірінші отырысына қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Отырыс барысында қатысушылар алдағы саммитке дайындық барысын талқылап, өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу барысында Ә.Бақаев 2026 жылы жоспарланған алғашқы "Орталық Азия - Корея Республикасы" Саммиті Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға жаңа стратегиялық серпін беруге арналғанын атап өтті. Сонымен қатар ол алдағы Саммиттің өңірдегі орнықты даму, тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен бастамаларды ілгерілетудегі маңызды алаң ретіндегі ерекше маңызын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар Корея Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Чон Ый Химен екіжақты кездесу, сондай-ақ Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Чо Хёнға ізет сапары өтті. Кездесулер барысында тараптар қазақ-корей қатынастарының дәстүрлі достық және сенімге негізделген сипатын атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін растады.
Корея Республикасының Сауда министрі Ё Хан Кумен, сондай-ақ Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің бірінші вице-министрі Ким И Такпен өткен келіссөздер сауда-инвестициялық ынтымақтастық, көлік-логистика байланыстарын дамыту және Alatau City жобасын ілгерілету мәселелеріне арналды.
Оған қоса, Сеулге сапары аясында Ә.Бақаев Корея Республикасының іскер топтарының өкілдерімен, атап айтқанда KITA, KOIMA, CONTEC Space Group, YPP және өзге де ұйымдар мен компаниялармен жеке кездесулер өткізді. Кездесулер барысында экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары талқыланды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.04.2026, 21:57 176
Қазақстан өңірлері Мордовиямен ынтымақтастықты нығайтуда
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Даурен Абаевтың Мордовия Республикасына жұмыс сапары өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Сапар барысында Республика басшысы Артём Здуновпен кездесу өтіп, ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстан Мордовияның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып табылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 149 млн АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13%-ға артты. Сонымен қатар, Қазақстан Мордовия экспортының 42%-ын қамтамасыз етіп, негізгі экспорт бағыттары арасында бірінші орынға шықты.
Өнеркәсіп саласында да нақты өзара іс-қимыл дамып келеді. Қазақстан нарығы Мордовия кәсіпорындарының өнімдеріне сұранысқа ие болып отыр. Іскерлік байланыстарды кеңейту мақсатында Елші теміржол вагондары мен мұнай-химия жабдықтарын өндіретін жетекші кәсіпорын - "Рузхиммаш" АҚ-да болды.
Тараптар өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, тамақ өндірісі және радиоэлектроника салаларында ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Жұмыс сапары аясында Саранск қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулы кеңсесінің ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Д.Абаев Мордовия басшылығына аталған бастаманы қолдағаны үшін алғыс білдіріп, бұл оқиғаны дер кезінде жасалған әрі маңызды қадам деп атады. "Оның қызметі іскерлік, гуманитарлық, мәдени және білім беру байланыстарын кеңейтуге, сондай-ақ азаматтарымыз арасындағы өзара іс-қимылға қатысты практикалық мәселелерді шешуге ықпал етіп, жаңа бастамалар мен пайдалы жобаларды іске асыруға тиімді алаң болады деп сенемін", - деді Елші.
Саранск қаласындағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулы болып жергілікті кәсіпкер Андрей Рогачёв тағайындалды. Ол көрсетілген сенім үшін алғыс білдіріп, нәтижеге бағытталған белсенді әрі жемісті жұмыс жүргізуге дайын екенін жеткізді.
ҚР Құрметті консулының кеңсесі Мордовия Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының базасында (Саранск қ., Московская көшесі, 14) орналасқан.
Сонымен қатар, Саранск қаласында өткен Қазақстан киносының күндері мен "Қазақстан - дала мен таулар симфониясы" атты фотокөрменің ұйымдастырылуы мәдени-гуманитарлық байланыстардың серпінді дамуының маңызды көрсеткіші болды.
Мордовия тұрғындары осы күндері заманауи Қазақстанмен жақынырақ таныса алатынына шын жүректен қуаныштымыз", - деп атап өтті Д.Абаев.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.04.2026, 20:55 851
Қазақстан мен Финляндия сайлау және демократиялық институттар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
Достарға айту
Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов Финляндия Республикасы Әділет министрлігінің Сайлау және демократия мәселелері жөніндегі департаментінің басшысы Никлас Вилхелмссонмен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат сұхбаттасын Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдумның қорытындылары туралы хабардар етті. Құжатта билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, парламенттік жүйені дамыту және азаматтардың қоғамдық-саяси процестерге қатысуын кеңейтуге бағытталған өзгерістер көзделгені атап өтілді. Осы тұрғыда бір палаталы парламенттік модельге көшу, оның ішінде Финляндия секілді қалыптасқан демократиялық институттары бар елдердің тәжірибесін ескере отырып жүзеге асырылатыны айтылды.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және конституциялық реформалары аясында жүзеге асырылып жатқан бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге, соның ішінде сайлау рәсімдері мен оларды өткізу тетіктерін дамытуға бағытталғаны ерекше атап өтілді.
Фин тарапы екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді. Атап айтқанда, бейінді мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ сайлау технологиялары мен құқықтық реттеу саласындағы озық тәжірибемен алмасу мәселелері қолдау тапты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.04.2026, 19:52 46
Жапонияның Экономикалық қауіпсіздік министрі Қазақстанмен ынтымақтастықтың басым бағыттарын атады
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапонияның Экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі министрі Кими Онодамен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Жапон саясаткері ғылым, технология және ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытып, Қазақстанды "Токионың берік және сенімді әріптесі" деп атады. Ол екі елдің жетекші компаниялары мен экономикалық ұйымдарының қатысуымен іске асырылып жатқан бірлескен жобаларды жоғары бағалап, Қазақстанның елеулі экономикалық әлеуетін және іскерлік байланыстарды одан әрі арттыруға кең мүмкіндіктердің бар екенін атап етті.
Тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны одан әрі даму перспективаларын талқылады. Басым бағыттардың қатарында аса маңызды минералдық ресурстар саласы, энергетика, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және ғарыш бағыты белгіленді.
Өз тарапынан ҚР Елшісі жапон тарапын елдің ағымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, Үкіметтің экономиканы цифрландыру, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын жаңғырту шаралары туралы хабардар етті. Осы тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін одан әрі дамыту және кеңейту перспективалары ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кеңейтілген стратегиялық әріптестікті алдағы уақытта да нығайтуға, практикалық өзара іс-қимылды дамытуға және Қазақстан мен Жапония арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды тереңдетуге өзара міндеттемелерін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.04.2026, 18:49 1206
Қазақстанның ұлттық әуе компаниясы Алматы - Шаңхай бағытында жаңа тікелей әуе қатынасын ашты
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Шаңхай қаласында Қазақстанның ұлттық әуе компаниясы Air Astana жүзеге асыратын Алматы - Шаңхай бағыты бойынша жаңа тікелей әуе рейсін салтанатты түрде ашты. Бұл рейстің ашылуы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты, әсіресе экономикалық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қосымша серпін береді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қазақстан Республикасының Шаңхай қаласындағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров іс-шараға қатысып, Алматы-Шаңхай арасындағы жаңа бағыттың ашылуы екіжақты өзара іс-қимылды тереңдетуге, сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті кеңейтуге, сондай-ақ екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды жандандыруға бағытталған стратегиялық маңызды қадам екенін атап өтті.
Жаңа бағыттың 2026 жылғы 7-10 сәуір аралығында Шаңхай қаласының мэрі Гун Чжэннің Қазақстанға жасаған сапары кезінде ашылуы ерекше мәнге ие болды. Бұл қадам 2025 жылғы маусымда орнатылған Алматы мен Шаңхай қалалары арасындағы бауырластық байланыстарды нығайтудың жарқын дәлеліне айналды.
Салтанатты іс-шараға Air Astana басшылығы, Шаңхай қаласының Сыртқы істер басқармасының өкілдері, сондай-ақ мегаполистің мемлекеттік органдары мен іскерлік топтардың жетекшілері қатысты. Бұл тараптардың өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жоғары деңгейде мүдделі екенін көрсетті.
Air Astana әуе компаниясының жаңа рейсті іске қосуы тікелей әуе тасымалына деген өсіп келе жатқан сұранысқа жауап береді және Қазақстанның көлік қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосымша серпін беріп, өңіраралық ынтымақтастық пен екіжақты қатынастардың одан әрі жандануына ықпал ететін болады.
Сонымен қатар, бұл Қазақстанның Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.04.2026, 17:46 156
Астанадағы қазақ-поляк бизнес-форумы: іскерлік серіктестіктің нығаюы
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 10-отырысы аясында қазақ-поляк бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шара екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталып, оған Қазақстан мен Польшаның жетекші компанияларының 120-дан астам өкілі қатысты.
Қазақстан тарапынан Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов және Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов сөз сөйледі.
Польша тарапынан комиссияның тең төрағасы, Польша Республикасы Экономикалық даму және технологиялар министрінің орынбасары Михал Барановский, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жетекші поляк компанияларының өкілдері қатысты.
Пленарлық отырысты аша отырып, А. Исетов екіжақты қатынастардың тұрақты дамуын атап өтті.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 1,2 млрд АҚШ долларынан асты. Қазіргі таңда Қазақстанда Polpharma, Selena Group, Rogalik, Suus және Maspex сынды белгілі брендтерді қоса алғанда Польша капиталының қатысуымен 150-ге жуық компания жұмыс істейді", - деді қазақстандық дипломат.
Өз кезегінде М. Барановский форум жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және бірлескен жобаларды іске қосуға қосымша серпін беретініне сенім білдіріп, ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде логистика, көлік, энергетика және агроөнеркәсіптік кешенді атады.
Форум бағдарламасы өнеркәсіптік серіктестік, инвестициялық өзара іс-қимыл және көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналған екі панельдік сессияны қамтыды. Іс-шара аясында Польша компанияларының таныстырылымдары өтіп, екіжақты B2B кездесулер ұйымдастырылды.
Жалпы, бизнес-форум Астана мен Варшаваның сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
09.04.2026, 22:29 486
Investment Protection Forum: тұрақтылық пен инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз ету
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы ұйымдастырған Инвестицияларды қорғау форумы өтті. Іс-шара инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеу тетіктерін жетілдіру және тұрақты инвестициялық ахуалды қалыптастыру мәселелеріне арналды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шараға ҚР Бас Прокуроры Б.Асылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Р.Скляр, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Д.Еспаева, "Атамекен" ҰКП Президиумының Төрағасы К.Шарлапаев, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Б.Ералы және инвестор - компаниялардың бірқатар басшылары қатысты.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров өз сөзінде Қазақстанның қазіргі инвестициялық саясаты тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жоғары инвестициялық тартымдылықты қолдауға бағытталған кешенді шаралар жүйесін көздейтінін атап өтті.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап ел экономикасына 480 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды. 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 20,5 млрд АҚШ долларын құрап, өсім 14,4%-ды көрсетті", - деді Ә.Қуантыров.
Ол өңдеуші өнеркәсіп пен қаржы секторы өсімнің негізгі драйверлері болғанын атап өтті. Бұл инвестициялық екпіннің шикізат өндіруден әртараптандырылған, тұрақты және қосалқы құнға бағдарланған экономика қалыптастыруға біртіндеп ауысып жатқанын куәландырады.
Инвесторлармен жұмыстағы таргеттелген тәсілдің нәтижесінде бүгінгі күні жалпы сомасы 2,5 млрд АҚШ долларынан асатын инвестициямен бірқатар ірі халықаралық компаниялар тартудың сәті туды. Өткен жылы шетелде шетелдік компаниялармен шамамен 1200 кездесу өткізіліп, олардың Қазақстанға 200-ге жуық сапары қамтамасыз етілді", - деп қосты СІМ басшысының орынбасары.
Сонымен қатар ол шетелдік серіктестермен бірізді әрі үйлестірілген жұмыс жүргізу үшін арнайы "task force" тетігі құрылғанын хабарлады. Бас прокуратурамен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп инвесторлардың проблемалық мәселелерін жедел шешу бойынша шаралар қабылдануда, сондай-ақ инвестициялық процестер цифрландырылып, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда екенін айтты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
07.04.2026, 20:57Қазақстан мен Молдова консулдық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі 07.04.2026, 19:40 56666ҚР СІМ-де БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстандағы өкілімен кездесу өтті07.04.2026, 17:23 56361Қазақстан мен Грузия серіктестікті кеңейтуге және өзара тауар айналымын арттыруға бағытталған07.04.2026, 18:52 56306Қазақстан мен Германия сыртқы саяси диалогты нығайтуда07.04.2026, 16:20 56301Қазақстан мен Грузия стратегиялық әріптестікті практикалық мазмұнмен толықтыру ниетін растады
17.03.2026, 17:12 332451Жұмысшы мамандықтар қызметіндегі жасанды интеллект16.03.2026, 19:22 332226Балалар спортын қаржыландыру көлемі екі есеге жуық артады17.03.2026, 13:32 331966Қазақстан туризмді қолдауды күшейтеді: жаңа заң сала мен туристер үшін нені өзгертеді20.03.2026, 09:23 292321Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ораза айт мерекесімен құттықтады16.03.2026, 16:56 270176Астанада 1-3 қазан күндері AI & Digital Bridge 2026 халықаралық IT-форумы өтеді

