23.01.2026, 11:58 4711

Қазақстандағы реформалар Өзбекстан парламентарийлерінің назарында

Қазақстандағы реформалар Өзбекстан парламентарийлерінің назарында
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Заң шығару палатасының Спикері Нуриддин Исмоиловпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ алдағы халықаралық іс-шаралардың күн тәртібін, соның ішінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Заң шығару палатасы арасындағы Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысын талқылады.

Сонымен қатар, Елші Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында елдің қоғамдық-саяси дамуын одан әрі ілгерілетуге бағытталған жаңа бастамаларды ұсынғаны жөніндегі негізгі қорытындылармен өзбек тарапын таныстырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының "Turkistan" газетіне берген жуырдағы сұхбаты туралы мәлімет берілді.

Б.Атамқұлов конституциялық реформаларға, оның ішінде бірпалаталы парламентті құруға, "Халық кеңесі" институтын енгізуге және Қазақстан Республикасының Вице-президенті лауазымын қалыптастыру туралы бастамаларға ерекше назар аударды.

Өзбекстан Олий Мажлисінде жуырда орын алған реформаларды ескере отырып, қазақ дипломаты өзбек парламентарийлерін Қазақстан Елшілігінде өтетін, Ұлттық құрылтай отырысының қорытындыларына арналған дөңгелек үстелге қатысуға шақырды.

Н.Исмоилов Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы баяндамасын жоғары бағалап, ұсынылған бастамалардың өзектілігін атап өтті. Заң шығару палатасының Спикері Өзбекстанда Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды үлкен қызығушылықпен бақылап отырғандарын айтып, депутаттардың дөңгелек үстелге қатысуға дайын екенін білдірді.

Кездесу соңында тараптар қазақ-өзбек парламентаралық қатынастарды нығайту мақсатында одан әрі ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны