21.01.2026, 18:09 2401

Иран Қазақстанмен көлік байланыстарын дамытуға ниетті

Иран Қазақстанмен көлік байланыстарын дамытуға ниетті
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасының Жол және қала құрылысы министрі Фарзане Садегпен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында әңгіме екі елді жалғайтын көлік "артерияларын" дамыту мен ортақ мүдделікті құрайтын өзге тақырыптар төңірегінде өрбіді. Бұл ретте тараптар Иран Президенті Масуд Пезешкианның Қазақстанға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды және сапар қорытындысы бойынша екі ел басшылары берген тапсырмаларды іске асыру жолдарын талқылауға ерекше көңіл бөлді.

Қазақстан мен Иран қарым-қатынасында сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыстылық маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты, тараптар "Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізі мен "Қазақстан-Түрікменстан-Иран" темір жолы арқылы жүк және транзиттік тасымалды ұлғайту, "Қазақстан-Иран-Ирак" және "Қазақстан-Түрікменстан-Иран-Армения" жаңа көлік дәліздерін ашу, екі ел порттары арасында кеме қатынасын дамыту және Шахид Раджаи мен Чабахар порттарында көлік-логистика бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін зерделеуге әзірлігін білдіріп, екіжақты байланысты жаңа деңгейге көтеруге бейілділігін растады.

Сонымен қатар, тараптар бірлескен жобаларды іске асыруды ілгерілету үшін екі елдің көлік-логистика саласына жауапты тұлғалары арасында тұрақты кездесулер өткізудің маңыздығын атап өтті.

Қазақ даласын Иранмен сабақтастыру мәселелері бірлескен үкіметаралық комиссияның Иранда өтетін кезекті отырысында қарастырылатын болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны