30.03.2026, 15:42 3196

Канадада Қазақстанның конституциялық реформалары талқыланды

Канадада Қазақстанның конституциялық реформалары талқыланды
Сурет: gov.kz
Канада Парламенті Сенатының ғимаратында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау және қазақстан-канадалық қарым-қатынастарды дамыту перспективаларына арналған сараптамалық-талдамалық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Канаданың саяси, парламенттік және сараптамалық ортасының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Дөңгелек үстелдің ашылуында сенатор Клемент Жиньяк Қазақстан мен Канада арасындағы парламентаралық диалогты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, канадалық тараптың Астанамен саяси және экономикалық салаларда жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.

Қазақстанның Канададағы Елшісі Дәулетбек Құсайынов екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы, сондай-ақ елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы баяндама жасады.

Кездесу барысында конституциялық реформаға және ү.ж. 15 наурызда өткен конституциялық референдумның қорытындыларына ерекше назар аударылды. Елшілік арнайы шақырған сарапшы - Maqsut Narikbayev University қауымдастырылған профессоры, Гарвард университетінің шақырылған зерттеушісі М.Хасенов жаңа Конституцияның маңызы мен оның Қазақстан Республикасының одан әрі саяси дамуына әсері туралы жан-жақты баяндады.

Қатысушылар Конституция бойынша өткен дауыс беру қоғам белсенділігінің жоғары деңгейін және азаматтардың маңызды саяси үдерістерге қатысуын тағы бір мәрте растағанын атап өтті.

Жалпы, іс-шара мен оның аясындағы пікірталастар Қазақстандағы ішкі саяси реформаларға жоғары қызығушылық бар екенін көрсетті. Канадалық тарап өкілдері жүргізіліп жатқан реформалардың жүйелілігін атап өтіп, еліміздегі трансформациялық үдерістерді одан әрі зерделеуге қызығушылық білдірді.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар осындай сараптамалық кездесулерді жалғастыруға және қазақстан-канадалық диалогты одан әрі дамытуға ниетті екендерін жеткізді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны