15.09.2021, 17:52 5272

Ақмола облысында патриоттық әндер байқауы өтті

КӨКШЕТАУ. 15 ҚЫРКҮЙЕК - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстан халқының Тілдері күніне арналған онкүндік аясында Бурабай ауданында "Қазақ тілі - ғажап тіл" патриоттық әндер байқауы өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Онлайн форматта өткен шығармашылық шараға әр түрлі этнос өкілдерінен 10 сайыскер қатысты.
 
Іс-шараны ұйымдастырушылар атап өткендей, байқау мемлекеттік тілді насихаттау, басқа этностар арасында мемлекеттік тілге деген қызығушылықты дамыту, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, музыкалық шығармашылықты дамыту және талантты орындаушыларды анықтау мақсатында өткізіледі.
 

Байқауға қатысушылар қазақ тілінде танымал патриоттық әндерді орындап, жақсы вокалдық қабілеттерін көрсетті. Байқау қорытындысы 17 қыркүйекте тілдер онкүндігінің салтанатты жабылуында шығарылады. Қатысушылардың өнерін бағалау кезінде вокалдық қабілеттері, орындау техникасы, музыкалық шығарманың күрделілік дәрежесі, сахналық бейнесі мен әртістігі бағаланатын болады", - деп хабарлады аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі.

 
Айта кетейік, Ақмола облысында Қазақстан халқы тілдерінің онкүндігі аясында бірқатар түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді. Олардың қатарында Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қазақ тілін оқыту курстарының ашылуы, жас ақындардың қатысуымен "Тіл мәртебесі - ел мәртебесі" айтысы, "Ұшқыр оймен шешен тіл" зияттық ойыны, "Своя игра" викторинасы және т.б. бар. Жалпы, өңірде тілдер онкүндігі аясында екі мыңға жуық іс-шара өткізіледі.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны