07.06.2022, 15:24 18551

Қазақстанда сараптама тобы кибербуллинг фактілері бойынша өтініштерді қарайтын болады

Сараптама тобы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан құрылады.
НҰР-СҰЛТАН. 7 МАУСЫМ - Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Сараптама тобын құру, сондай-ақ балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтініштерді қарау қағидаларын бекіту туралы бұйрықтың жобасын дайындады. Құжат "Ашық НҚА" сайтында жария талқылау үшін жарияланды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "Ашық НҚА" сайтына сілтеме жасап.
 
Құжатпен сараптама тобын құру, сондай-ақ балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті қарау қағидалары бекітіледі.
 
Сараптама тобы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан құрылады.
 
Сараптама тобы өз қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
 
Сараптама тобының негізгі міндеттері:
 
1) балаға қатысты кибербуллинг туралы өтініштерді қарау және мәлімдемелерде көрсетілген кибербуллинг фактілерін құқықтық бағалауды жүзеге асыру;
 
2) кибербуллинг фактілерінің болуы немесе болмауы туралы шешім шығару.
 
Сараптама тобының құрамы Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктерінің, өзге де мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері қатарынан қалыптастырылады.
 
Сараптама тобының Төрағасы мен Төрағасының орынбасарын уәкілетті орган оның мүшелерінің құрамынан айқындайды.
 
Сараптама тобының қызметі отырыс нысанында жүзеге асырылады. Қажет болған жағдайда сараптама тобының отырыстары онлайн режимде өткізіледі.
 
Сараптама тобының отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды, хаттама нысанында сараптама тобы отырысының шешімдерін ресімдеуді, сондай-ақ сараптама тобының материалдарды сақтауын сараптама тобының хатшысы жүзеге асырады.
 
Хатшы тоқсанына кемінде бір рет қаралған кибербуллинг фактілері туралы есепті дайындауды жүзеге асырады, оны уәкілетті орган өзінің ресми сайтына орналастырады.
 
Сараптама тобының хатшысы уәкілетті органның қызметкері болып табылады және сараптама тобының құрамына кірмейді.
 

Балаға қатысты кибербуллинг фактілері анықталған кезде азамат не баланың заңды өкілі осы Ереженің қосымшасына сәйкес балаға қатысты кибербуллинг фактілері бар интернет-ресурстың атауын көрсете отырып, балаға қатысты жасалатын кибербуллинг фактілері туралы жазбаша нысанда немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында уәкілетті органға өтініш береді. Балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган ол келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіге мемлекеттік тілде немесе өтініш берілген тілде жауап береді", - делінген ережелерде.

 
Сұратылған ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін және өтінішке жауап беру кезінде өзге ақпарат иеленушілерден ақпарат алу талап етілетін жағдайларда, уәкілетті орган қарау мерзімін күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге бір рет ұзартады, ал өтініш берушіге қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде хабарланады.
 
Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны