05.11.2021, 19:28 198228

Ақмола облысында жолдардың сапасына баса көңіл бөлінеді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев кезекті жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болды.
КӨКШЕТАУ. 5 ҚАРАША - Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев кезекті жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Жұмыс сапары барысында әкім өңір тұрғындарының өтініштерін ескеру, жоспарланған жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелеріне көңіл бөлді, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударып, аудан басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
 

Бұрнағы жылдары тұрғындар жол жоқ деп шағымданатын еді, қазіргі таңда олар жол жөндеу жұмыстарына көңілдері толмайтындығын жарыса айтуда. Біз жолдарды салып қана қоймай, олардың сапасына баса назар аударуымыз керек. Әлеуметтік желілерде көптеген адамдар бір жыл бұрын жасалған жолдар пайдаланудың алғашқы айларынан кейін қанағаттанарлықсыз күйге келді деп жазады", – деп атап өтті аймақ басшысы.

 
Өткен жылы, бір ғана Щучинск қаласының өзінде жөнделген жолдардың ұзындығы 25 шақырымнан асты. Өкінішке орай, кепілдік мерзімі аяқталғанға дейін асфальт жарамсыз болып қалған, сол себепті де кемшіліктерді жою үшін қосымша қаражат тартылған болатын. Ал, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арман Нұртазин ескертулер ескеріліп, кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізілді деп сендіріп отыр.
 

Ағымдағы жылдың соңына дейін ауданда 100 шақырымнан астам жол жөнделеді. Бірінші кезекте, бұл аудандық маңызы бар жолдар, сондай-ақ, Бурабай кенті, Щучинск қаласы және халық тығыз орналасқан ауылдық округтер. Азаматтардың өтініштері мен тілектері міндетті түрде ескеріледі. Кез-келген кемшіліктер мен қателіктер уақтылы жойылады", – деді Арман Нұртазин. 

 
Соңғы екі жылда жаңа асфальтты жолдарды жөндеу үшін облыстық және аудандық бюджеттен төрт миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. 
 
Сонымен қатар, өңір басшысы Ермек Маржықпаев аудан орталығындағы орталық қазандық жұмысымен танысты. Егер басқа аймақтарда жылыту маусымы 20 қыркүйекте басталса, аудан орталығындағы ондаған үйлердің тұрғындары уәде етілген жылуды бірнеше апта бойы күткен. Осы орайда келесі жылы бұл жағдайдың қайталанбауы үшін облыс әкімі алдағы жылу беру маусымына дайындықты наурыз айында бастауды тапсырды. Сондай-ақ, Ермек Боранбайұлы бекітілген тарифтің жайына тоқталып, облыс бюджетіне салмақ салмау керектігін атап өтті.
 
Бұдан кейін өңір басшысы аудан орталығында ашылған жаңа балалар алаңдарына барып, үй аумақтарын аралап көрді. Биыл тұрғын үй аумақтарын абаттандыруға бір жарым миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Өңір басшысы сондай-ақ, тиісті сала басшыларына аула аумағын көгалдандыруды тапсырды.
 
Облыс әкімі сапар барысында Бурабай кентіндегі жаңа тұрғын үй кешенінің аумағында орналасқан "Променад" аллеясында болды. Көл жағасында орналасқан алаңқай Бурабайдың тұрғындары мен қонақтары үшін таптырмас демалыс орыны. Мұнда балалар және баскетбол алаңдары, Workout алаңы, 4 600 шаршы метр жасыл аймақ, серуендеу аллеясы бар.
 
Бурабай кентіндегі С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектеп осындай мақтаулы мекеменің бірі. Биыл білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында мұнда 267,4 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны