23.09.2021, 18:27 9875

Ақмолалық оқушылар инновациялық идеялар байқауында жарысты

КӨКШЕТАУ. 23 ҚЫРКҮЙЕК - Ақмола облысында оқушылар арасында "Первый шаг к великому изобретению" ("Ұлы өнертабысқа алғашқы қадам") инновациялық идеялардың облыстық онлайн-байқауы өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Байқауды "Ақмола дарыны" дарынды балалар мен жастарды анықтау және қолдау орталығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырды, деп хабарлады Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы.
 
Іс-шараның мақсаты - оқушыларды ғылым мен техниканың түрлі салаларында зерттеу, өнертапқыштық қызметке тарту және дарынды балаларды қолдау.
 

Іс-шараға облыстың әр ауданынан және Көкшетау қаласынан 13-17 жас аралығындағы 22 оқушы қатысты. Оқушылар 9 номинация бойынша жұмыстарын ұсынды. Бұл - автокөлік, өнеркәсіп, космонавтика және аэрокосмос, жылу энергетикасы, авиация, құрылыс және т.б. салалардағы қолданыстағы үлгілерді әзірлеу саласындағы техникалық құрастыру жобалары", - деді ұйымдастырушылар.

 
Жас өнертапқыштардың жұмысын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінің профессорлық-оқытушылық құрамы кірген білікті қазылар алқасы бағалады.
 
Байқау қорытындысы бойынша Аршалы, Бурабай, Шортанды, Целиноград, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласының оқушылары үздік атанды.
 
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, ал жетекшілері алғыс хаттармен марапатталады.
 
Айта кетейік, бірінші орын алған оқушылар қазан айының соңында өтетін республикалық байқауда Ақмола облысын таныстырады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны