14.01.2026, 19:10 3966

Алматы мектептері жаңа платформада қалады: сот Kundelik-тің өтінішін қанағаттандырмады

Алматы мектептері жаңа платформада қалады: сот Kundelik-тің өтінішін қанағаттандырмады
2026 жылғы 14 қаңтарда Алматының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотының ұйғарымы бойынша 2026 жылғы 13 қаңтардағы ұйғарымда кеткен қателер түзетілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Атап айтқанда, 2026 жылғы 14 қаңтардағы МАЭС-тің жаңа ұйғарымына сәйкес, сот талап қоюшының талапты қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.

Осылайша, сот "Күнделік" ЖШС-нің Алматы қаласының білім беру ұйымдарының BilimClass платформасына көшуіне қандай да бір шектеулер қою туралы өтінішін қабылдамады.

Айта кетейік, соттың бұл ұйғарымын 10 жұмыс күні ішінде Алматы сотында даулауға болады.

Еске салайық, 13 қаңтарда Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қалалық білім басқармасына, сондай-ақ оған қарасты аудандық бөлімдерге, мектептер мен білім беру ұйымдарына BilimClass платформасына немесе "Күнделік" автоматтандырылған жүйесінің орнына өзге де ақпараттық жүйелерге көшуге, енгізуге, ауыстыруға, тестілеуге немесе пилоттық режимде пайдалануға бағытталған кез келген әрекеттерді жасауға тыйым салған еді.

Бұған дейін Bilim Group қазіргі уақытта Алматыдағы 225 мектеп BilimClass платформасында штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Компания дерегінше, оқу үдерісі үздіксіз жүріп жатыр, ал деректердің сақталуы мен пайдаланушылардың ақпараттық қауіпсіздігі толық көлемде қамтамасыз етілген.

Жыл басынан бері қоғамда Алматыдағы жалпы білім беретін мектептердің Kundelik цифрлық білім беру платформасынан BilimClass жүйесіне көшуі қызу талқыланып жатыр.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны