05.05.2022, 17:38 19456

Алматы Жеңіс күнін қалай тойлайды

Негізгі бағдарлама 9 мамырда сағат 9.30-да басталады.
Алматы Жеңіс күнін қалай тойлайды
Сурет: Depositphotos
АЛМАТЫ. 5 МАМЫР - Алматыда мереке құрметіне орай 40-тан астам түрлі іс-шаралар өткізіледі. Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мегаполисте Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 77 жылдығын мерекелеуге дайындық барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 
Негізгі бағдарлама 9 мамырда сағат 9.30-да басталады. Биыл "Батырларға тағзым" акциясы ұйымдастырылады, оның аясында қала тұрғындары М. Горький атындағы Алматы қаласының Орталық демалыс саябағынан Гоголь көшесіндегі 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябаққа дейін Ұлы Отан соғысының қаза тапқан батырларын еске алуға гүл шоқтарын қою үшін өтеді.
 
Гүлшоқтарын қойған соң қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Шара барысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне де мерекелік дастархан ұйымдастырылады.
 
Мереке өтетін жерде әскери шатырлар мен заманауи қазақстандық әскери техника мен қару-жарақ қойылады.
 
Спикер Ұлы Отан соғысы майданына шамамен 1,3 млн қазақстандық шақырылғанын атап өтті.
 

Біздің адамдар барлық негізгі шайқастарға қатысты – Брест қамалын қорғауда, Мәскеу түбіндегі шайқастарда, Ленинградты қоршауда, Сталинград шайқасында. Біздің аталарымыз Берлинге жетті. Бұл – халқымыздың ұлы ерлігі. Қазақстанның жүз мыңнан астам жауынгері КСРО жауынгерлік ордендері мен медальдарымен марапатталды, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие", - деді А.Бижанов.

 
Спикердің айтуынша, биыл Алматыда Жеңіс күні жоғары деңгейде ұйымдастырылады, оның үстіне соңғы екі жылда толық ауқымды іс-шаралар өткізілмеді. Соғысқа қатысушылардың барлығына және тыл еңбеккерлеріне жергілікті биліктен де, ардагерлер кеңесінен де барынша көп көңіл бөлінетін болады.
 
Ахан Бижанов Алматының ардагерлер қозғалысы үлкен және маңызды жұмыс атқарып, жас ұрпақты тәрбиелеуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Сондықтан, Жеңіс күніне арналған барлық іс-шаралар патриотизмді тәрбиелеуге және аға буынды құрметтеуге бағытталады.
 
Ардагерлерге құрмет көрсету 9 мамырға дейін басталған. Алматы әкімдігінің бастамасымен және мәслихаттың қолдауымен соғыс ардагерлеріне бір миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлемдер жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.
 

Қалада мерекелік көңіл күй қалыптасуда, соғыс батырларының портреттері бар 40 билборд орнатылды, 9 мамыр тақырыбында қаланың барлық медиабордтарында және метро станцияларында роликтер орналастырылды. 20 мың "Жеңіс лентасы" дайындалып, қала тұрғындарына таратылады", - деді ардагерлер қозғалысының төрағасы.

 
Лентаны сауда-ойын-сауық орталықтарына, саябақ аймақтарына, 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябаққа, Орталық мәдениет және демалыс саябағына барған кезде алуға болады.
 
Айта кетерлігі, мерекелік безендіруден басқа аудандық әкімдіктер ардагерлер мен барлық жергілікті тұрғындар үшін концерттер өткізеді.
 
Сондай-ақ Ахан Бижанов биылғы жылы қала әкімі, оның орынбасарлары, аудан әкімдері мен мәслихат депутаттары ардагерлерді аралап, әрқайсысымен жеке кездесулер өткізетінін айтты.
 
Мерекелік шаралар аудан әкімдіктері жанындағы алаңдарда да, саябақтарда да, тіпті тұрғын үйлердің аулаларында да күні бойы өтеді.
 
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандықтарды 7-10 мамыр аралығында төрт демалыс күні күтіп тұр. 7 мамыр - Қазақстанда Отан қорғаушылар күні. Ол сенбіге түсетіндіктен, демалыс күні 10 мамырға ауыстырылады. 9 мамыр - Жеңіс күні. Тиісінше, қазақстандықтар қатарынан 4 күн демалады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны