01.11.2022, 14:54 10351

Қазақстанда планшеттерді цифрлық оқулық ретінде пайдалану ұсынылады

Қазақстанда планшеттерді цифрлық оқулық ретінде пайдалану ұсынылады
Сурет: Depositphotos
Астана. 1 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Ауыр рюкзактар мәселесін шешу, сондай-ақ Қазақстан мектептерінде цифрландыру деңгейін арттыру үшін планшеттерді цифрлық оқулықтар ретінде пайдалану ұсынылады, деп хабарлады Үкімет отырысы барысында Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
 

Планшеттер цифрлық оқулық ретінде немесе үйден онлайн білім алу құралы ретінде қолдануға оң әсерін тигізеді", - деді министр.

 
Б. Мусин атап өткендей, мұндай әдіс бірқатар дамыған елдерде, оның ішінде Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея және Түркияның мектептерінде жақсы нәтижеге әкелді.
 
Оның айтуынша, аталған елдерде осы шешім негізінде өңірлер арасындағы "Цифрлық" теңсіздікті төмендетуге, оқушылардың рюкзактарын жеңілдетуге мақсат қойылды.
 

Біздің ұсыныс – 400 мыңнан астам бірінші сынып оқушысын 2023 жылы сервистік модель арқылы планшеттермен қамтамасыз ету", - деді Б. Мусин.

 
Сондай-ақ, министр ұсынылып отырған тетіктердің бірқатар артықшылықтары туралы айтты.
 
Біріншіден, сервистік модельді пайдалану кезінде тікелей сатып алуға қарағанда бастауыш сыныптарда 4 жылға арналған келісімшарт сомасын бөлу есебінен бюджетке жүктеме азаяды.
 

Бұл модель халық пен бизнес арасында телефондар мен планшеттерді сатып алу кезінде белсенді тапсырысқа ие", - деп атап өтті Бағдат Мусин.

 
Екіншіден, планшеттерді жалға беру қызметінен басқа, оқушылар үшін арнайы тарифпен мобильді интернет, планшеттердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін сервистік қызмет сатып алынады.
 
Үшіншіден, рұқсат етілген онлайн ресурстар тізімі, яғни "ақ интернет" қашықтан жаңартылып отырады.
 
Ең бастысы, шетелдік өндірістерге тәуелділікті азайту мақсатында, бұл механизм тек отандық өндірушілер үшін ғана қолжетімді болады.
 
Бұл ретте отандық өндеуді 3 кезеңге бөлу ұсынылады:
 
1-кезең – 2023 жылы планшеттерді құрастыру өндірісін ұйымдастыру, ол ҚР аумағында негізгі компоненттерді құрастыру желісін орналастыруды және одан әрі мамандар даярлауды қамтиды.
 
2-кезеңде жаңа мамандарды оқыту үшін жоғары оқу орындарымен және колледждермен синергия қажет.
 
3-кезең – планшеттерді жасау кезінде жаңа білім алуға және практикалық қолдануға бағытталған R&D жұмыстарының жиынтығын қамтуы керек. Осының арқасында ЖОО түлектері микроэлектроника саласында жұмыс істейтін болады және жаңа өнімдерді жасауға қатысады.
 
Бұдан басқа, мүдделі мемлекеттік органдармен және мобильді байланыс операторларымен бірлесіп мынадай шараларды қабылдау ұсынылады:
 
1) Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп осы жылдың 15 қарашасына дейін планшеттерге қойылатын негізгі талаптарды, оның ішінде интернетке қол жеткізуге арналған "ақ" сайттардың тізімін бекітілуі керек;
 
2) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, оқушыларға планшеттерді сатып алу мен берудің жыл сайынғы механизмін анықтауы керек;
 
3) Қаржы министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін сервистік модель бойынша планшеттерді сатып алу мәселесін пысықтауы керек;
 
4) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі желіні қамтуды ескере отырып, байланыс операторлары арасында мектептерді интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі қызметті бөлу тетігін айқындауы керек;
 
5) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс операторларымен бірлесіп, планшеттер мен интернеттің үздіксіз жұмыс істеуі үшін сервистік қызмет көрсетуді қамтамасыз етуі тиіс.
 
Естеріңізге сала кетейік, Премьер-Министр оқушыларды ауыр рюкзактардан арылтуды тапсырған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны