25.10.2021, 20:08 60360

Көк-Жайлауды жыл соңына дейін Іле Алатау ұлттық паркінің құрамына қайтарады

Қазіргі уақытта Іле-Алатау ұлттық паркіне жер беру туралы Үкімет қаулысының жобасы әзірленуде.
НҰР-СҰЛТАН. 25 ҚАЗАН - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Көкжайлау шатқалының Іле Алатауы ұлттық паркінің құрамына қашан қайтарылатынын айтып берді. 

Министр 2020 жылғы 30 қыркүйекте қордағы жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлеріне ауыстыру тәртібін реттейтін заң қабылданғанын еске салды. 

«Аталған заңның қабылдануы Көкжайлау жобасының жерлерін Іле-Алатау ұлттық паркінің құрамына қайтаруға негіз болды. Бүгінде жер көлемі шамамен 1000 гектарды құрайды, қазіргі уақытта Іле-Алатау ұлттық паркіне жер беру туралы Үкімет қаулысының жобасы әзірленуде», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Министрдің айтуынша, қаулы жобасын келісу және оны бекіту рәсімі шамамен бір айға созылады, ал Көкжайлауды Іле-Алатау ұлттық паркінің құрамына қайтару процесі жыл соңына дейін аяқталмақ.

Естеріңізге сала кетейік, 3 маусымда Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Премьер-Министріне Көк-Жайлауды Іле-Алатау ұлттық паркіне қайтару туралы өтініш білдірді.

Ақпарат көзі: inform.kz 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны