26.04.2021, 22:59 8373

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі: QAZVAC вакцинасының қауіпсіздігі зерттеу нәтижелерімен расталды

НҰР-СҰЛТАН. 26 СӘУІР - QAZVAC вакцинасын клиникалық зерттеудің I-II фазасының нәтижелері бойынша есептер және III фазасының аралық есебі оның қауіпсіздігін растайды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ұсынылған есептер негізінде, COVID-19 қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес, вакцина медициналық қолдануға жіберіледі. Естеріңізге сала кетейік, QAZVAC уақытша тіркеу куәлігі 2020 жылдың 31 желтоқсанында берілген болатын.
 

Қазақстандық вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі Хаттамада көзделген зерттеу субъектілерінің 50% белгісінен өтті және оны ағымдағы жылдың 25 маусымында аяқтау жоспарланып отыр. Осыдан кейін QAZVAC тиімділігін толық бағалау жүргізіледі", - деп атап өтті ведомствода.

 
Вакциналардың клиникалық зерттеулері, соның ішінде III фазада, бүкіл әлемде жалғасуда. Сонымен, Ресей Федерациясы "Спутник V" зерттеулерін 2021 жылдың мамыр айының басында аяқтауды жоспарлап отыр, ал әлемдегі көптеген фармацевтикалық компаниялар өз зерттеулерін 2022-2023 жылдары аяқтайды.
 
Қалыптасқан эпидемиялық жағдайға байланысты коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналарды медициналық қолдануға жедел жіберу туралы шешімдер әлемнің көптеген реттеуші органдарында қабылданады. Вакцинация аурудың таралуымен күресудің ең тиімді әдісі және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың сенімді әдісі болып қала береді. Бұл ретте, вакциналарды қолдануға рұқсат етудің қысқа мерзіміне қарамастан, олардың сапасы мен қауіпсіздігін тексеру мұқият және барлық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі.
 

Жағымсыз реакциялар анықталған, "пайда-тәуекелдің" қолайсыз арақатынасы туралы деректер алынған немесе өнертабысқа немесе пайдалы модельге үшінші тұлғалардың айрықша құқықтарын бұзу туралы күшіне енген сот шешімі болған жағдайларда вакцинаны уақытша тіркеу тоқтатыла тұруы немесе жойылуы мүмкін екенін атап өткен жөн", - деп нақтылады баспасөз қызметінде.

 
Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинациялау ерікті болып табылады және вакцинацияланушы вакцинация кезінде қолжетімді вакцинациядан өзі еггісі келетін вакцинаны таңдауға да құқылы.
 
QAZVAC вакцинасы - ҚР Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген COVID-19-ға қарсы белсенділігі жойылған вакцина. Алдын ала мәліметтер бойынша, оның тиімділігі 90% — дан жоғары.
 
Вакцинация бұлшықет ішіне 2 кезеңде жүргізіледі, бірінші және екінші дозаны енгізу арасындағы аралық – 21 күн. Вакцинация 18 жастан асқан адамдарға ұсынылады. 18 жасқа дейінгі балалар үшін тиімділік пен қауіпсіздік зерттелмеген.
 
QAZVAC вакцинасының 50 мың дозасы өңірлерге таратылды: 6 000 дозадан Нұр-Сұлтан мен Алматы, 4 000 дозадан Шымкент, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары, қалған өңірлер 2 000 дозадан алды. Мамыр айында тағы 50 мың доза шығарылады деп күтілуде. Болашақта препарат өндірісі кезең-кезеңімен айына 500 мың дозаға дейін артады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны