21.10.2021, 19:43 18560

Сенат Каспий теңізін қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялады

Хаттаманың негізгі бағыттары – ең озық қолжетімді технологияларды және табиғат қорғау практикасын пайдалану, оларға қол жеткізу және оларды теңіз акваториясында немесе оның жағалау аймағында тапсыру кезінде шаруашылық қызметті жүзеге асыру болмақ.
НҰР-СҰЛТАН. 21 ҚАЗАН - Парламент Сенаты "Каспийдің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау хаттамасын ратификациялау туралы" Заң жобасын қабылдады.
 
2003 жылы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенциясы қабылданған еді. Бүгінгі заң жобасын депутаттарға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
 

Каспий теңізінде көмірсутек шикізатының ірі қорларының болуы су айдынының экологиясы мен биоресурстарын сақтау туралы мәселені өзектендіреді. Хаттаманың негізгі мақсаты – Каспий теңізінің экологиялық таза теңіз ортасына қол жеткізу және сол қалпында сақтау үшін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызметтерден теңіз ортасының ластануын болдырмау, бәсеңдету, бақылау және барынша мүмкін болатын апаттарды жою", - деді Экология министрі Сенат отырысында.

 
Оның айтуынша, хаттаманың негізгі бағыттары – ең озық қолжетімді технологияларды және табиғат қорғау практикасын пайдалану, оларға қол жеткізу және оларды теңіз акваториясында немесе оның жағалау аймағында тапсыру кезінде шаруашылық қызметті жүзеге асыру болмақ.
 
Сонымен бірге, Каспий теңізінің теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандарының физикалық, биологиялық және химиялық сипаттамалары туралы, оның ішінде теңіз акваториясына жерүсті көздерінен ластаушы заттардың түсу көлемдері туралы деректер базасын құру және жүргізу көзделеді. Одан бөлек, Каспийдің теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандарының жай-күйіне, оның жағалау жиегі бойындағы теңіздің ластану деңгейіне тұрақты бағалау жүргізіледі.
 

Хаттама бойынша теңіз ортасына әсер етуі мүмкін қызмет түрлерінің тізбесі, сондай-ақ елеулі трансшекаралық әсерді айқындауға ықпал ететін критерийлер айқындалған. Хаттаманың іске асырылуы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі халықаралық, өңірлік және трансшекаралық бағдарламаларды қамтитын ҚР Экологиялық кодексте көзделген. Конвенцияға сәйкес, тараптар өздерінің ұлттық заңнамасы бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалауды қоса алғанда, Каспий теңізінің теңіз ортасын және жағалау маңындағы аудандарын ластанудан қорғау үшін қажетті іс-шараларға жергілікті билік органдары мен жұртшылықтың қатысуына ықпал етеді", - деді С. Брекешев.

 
Сондай-ақ, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Дүйсенғазы Мусин Каспий теңізі аса маңызды стратегиялық аймақ екенін, географиялық орналасуы оны Азия мен Еуропа құрлықтарында ғана емес, дүниежүзіндегі ерекше ықпалды теңіздердің қатарына қосатынын айтты.
 

Заң жобасы – Каспий маңындағы бес мемлекеттің Каспий теңізінің ластануын болғызбау және азайту жөнінде бірлескен шаралар қабылдауды айқындайды, сондай-ақ, тараптардың бұл бірегей теңіз айдынының экологиялық саулығын қолдау бойынша бірлескен іс-қимылдарын одан әрі жетілдіруді көздейді. Сонымен қатар, хаттамада – теңіз ортасына әсер етуі мүмкін қызмет түрлерінің тізбесі, теңіздің физикалық, биологиялық және химиялық сипаттамалары туралы дерекқор құру қарастырылған. Жалпы, аталған Заң жобасы – өңірдің экожүйесінің қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен өркендеуіне қатысты кешенді мәселелерді реттеу бойынша тараптардың көпжақты әріптестік етуіне септігін тигізеді. Заң жобасы жұмыс топтарының, Комитеттің кезекті және кеңейтілген отырыстарында жан-жақты қаралды. Сенаттың тұрақты комитеттерінен ескертулер мен ұсыныстар келіп түскен жоқ", - деді Д. Мусин.

 
Сенат депутаттары хаттаманы ратификациялау туралы заңды бірауыздан қабылдады. 
 

Бүгін қабылданған заң Каспий теңізінің экология саласындағы жекелеген мәселелерін шешуді көздейді. Осы халықаралық шарт теңізді ластанудан қорғау үшін бірлескен іс-шараларды іске асыруға құқықтық негіз қалыптастырады. Алдағы уақытта осы құжат бұл бағыттағы мемлекетаралық ынтымақатстықты одан әрі кеңейтеді деп сенеміз", - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

 
Ақпарат көзі: egemen.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны