09.05.2021, 23:32 18849

Тоқаев пен Назарбаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

НҰР-СҰЛТАН. 9 МАМЫР - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қымбатты отандастар! Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам – бейбіт өміріміз, азаттығымыз бен жарқын болашағымыз үшін фашист басқыншыларына қарсы сұрапыл соғыста жеңіске жеткен батырларымыздың ерлігі мен даңқының символы. Ұлы Отан соғысы майданына миллионнан астам қазақстандық аттанып, олардың тең жартысы Жеңіс жолында қаза тапты. Адамзат тарихында теңдессіз ерлік жасаған әкелеріміз бен аналарымыздың қажымас қайсарлығы, ерен еңбегі және көзсіз қаһармандығы халқымыздың жадында мәңгі сақталады", - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

 
Биылғы Жеңіс күнін бізбен бірге 665 майдангер мен 100 мыңға жуық тыл еңбеккері қарсы алуда. 
 

Олардың ешқайсысы мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығынан, қоғамның сый-құрметінен тыс қалмайды. Соғыс және тыл ардагерлеріне, барша қазақстандықтарға бейбіт тіршілік, зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Жеңіс күні құтты болсын!", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы да барша қазақстандықтарды құттықтап, Отан қорғаушылардың ерлігі туралы естелікті сақтап, оны кейінгі ұрпаққа аманат ету қажеттігін атап өтті.
 

Құрметті қазақстандықтар! Жыл сайын 9 мамыр күні біз әкелеріміз бен аталарымыздың адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста көрсеткен ерен ерлігі мен қаһармандығын еске аламыз. Бұл күні біз үшін зор мақтаныш пен нағыз патриотизмнің үлгісіне айналған ардагерлердің алдында басымызды иеміз. Соғыс құрбандарына тағзым етіп, осы күнге аман жеткендерге құрмет көрсетеміз. Олардың жауынгерлік ерлігі мен тылдағы еңбегінің арқасында біз бейбіт әрі тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз", - деп атап өтті ол.

 
Елбасы 1945 жылғы мамыр айындағы Ұлы Жеңіс ортақ мақсатқа жұмылған халықтардың ауызбірлігінің, достығы мен өзара көмегінің жарқын символына айналғанын атап өтті.
 

Бірлігі жарасқан қоғам ғана зор жетістіктерге жете алатынын халқымыз жақсы біледі. Тәуелсіздіктің отыз жылындағы тәжірибеміз – соның айқын дәлелі. Біз осы кезеңде қуатты әрі өркендеген мемлекет құрдық. Өзара сыйластық, тұрақтылық пен тыныштық еліміздің орнықты әрі үйлесімді дамуының кепілі болды. Тарихтан сабақ алып, халқымыздың бірлігін ең басты құндылық ретінде сақтап келеміз. Алдағы уақытта да солай боларына сенемін. Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мықты денсаулық, баянды бақыт, ұзақ ғұмыр тілеймін! Аспанымыз әрдайым ашық болсын!", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны