03.06.2022, 17:04 26251

Референдум өткізу – ҚР-да дамыған демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды қадам - Тоқаев

Референдум өткізу – ҚР-да дамыған демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды қадам - Тоқаев
НҰР-СҰЛТАН. 3 МАУСЫМ - Референдум өткізу – Қазақстанда дамыған демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы референдумға байланысты Қазақстан азаматтарына арнаған үндеуінде айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Еліміздің тарихында Конституцияға енгізілетін өзгерістер алғаш рет жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асырылады. Референдум өткізу – Қазақстанда дамыған демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Ата заңға енгізілетін түзетулер жобасы елімізде бір ай бойы қызу талқыланды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - деді Тоқаев.

 
Ол қоғамда конституциялық реформаға қатысты пікірлер көп айтылып жатқанын атап өтті.
 

Оның ережелері Президенттің артықшылықтары мен өкілеттігін күшейтуге емес, билік тармақтары арасындағы үйлесімді және тепе-теңдік жүйені нығайтуға, барлық азаматтың мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға бағытталған. Бүкіл халықтың Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты ерікті таңдауы Жаңа, Әділетті Қазақстанның берік іргетасын қалайды. Біз бірлесе отырып, шын мәнінде, Жаңа Қазақстан құрамыз. Онда әлеуметтік әділдік жаңа қоғамдық келісімнің басты құндылығы және негізгі өзегі болады", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

 
Оның пікірінше, референдум қоғамымыздың азаматтық кемелдігі мен саяси саналылығын бағалауға мүмкіндік береді. Референдумның орталық комиссиясы мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар сайлау заңнамасындағы барлық норманың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеді. Дауыс беру барысын халықаралық бақылаушылар мен еліміздегі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қадағалайды.

 

Сайлау учаскесіндегі сіздің дауысыңыз қоғамдық өмірдің әділ әрі түсінікті жаңа ережелерін айқындауда маңызды және шешуші рөл атқаруы мүмкін. Сіз сайлау учаскесіне келу арқылы халқымыздың бірлігі мен ынтымағы мығым екенін көрсетесіз. Бұрын-соңды болмаған құбылмалы геостратегиялық жағдайда және еліміздің алдында тұрған күрделі міндеттерді орындау үшін біздің бірлігіміз бекем, ынтымағымыз берік болуға тиіс. Шынайы демократия әрбір азаматтың ортақ іске белсенді әрі саналы түрде қатысуын білдіреді. Сіз жаңа түзетулерге дауыс бере отырып, жемқорлыққа, тамыр-таныстыққа, саясат пен экономикадағы монополияға батыл қарсы шығасыз", - деді Тоқаев.

 
Президент азаматтарды Қазақстанның даму бағдарын айқындайтын тарихи таңдау жасауға шақырды.
 

Әрқайсыңыз біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлшегісіз және тұтас ұлттың болашағына ықпал ете аласыз. Демек, бұл – өз тағдырыңыз деген сөз. Отанымыздың тағдыры сіздерге байланысты", - деп атап өтті Тоқаев.

 
Естеріңізге сала кетейік, 5 маусымда жалпыұлттық референдум өтеді, онда азаматтар Конституцияға ұсынылған түзетулер бойынша дауыс береді.
 

Біз қазір барлық саланы жаңғыртуға кірістік. Осы жолда мемлекетті басқару үлгісін түбегейлі өзгерту қажеттігі туындады. Сол себепті мен наурыз айындағы Жолдауымда саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасын ұсындым. Оның басты мақсаты – елімізді одан әрі демократияландыру, халықтың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Сондай-ақ Үкіметтің тиімділігін арттыру. Бұл өзгерісті толық жүзеге асырсақ, ықпалды парламенті бар президенттік республика үлгісіне біржола көшеміз. Конституциялық реформа адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін барынша күшейтеді. Сонымен бірге еліміздегі саяси бәсекенің әділ және ашық болуын қамтамасыз етеді", - деді ҚР Президенті.

 
Ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар Негізгі Заңның 30-дан астам бабын қамтиды.
 

Біз Ата заңымыздың отыздан астам бабына өзгеріс енгізгелі отырмыз. Оның бәрі азаматтарымыздың мүддесіне толық сай келеді. Осылайша мемлекетімізді түбегейлі жаңғыртамыз. Сол арқылы Екінші Республиканың негізін қалаймыз", - деп атап өтті Тоқаев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны