30.09.2021, 19:38 17936

Қазақстанда шенеуніктер мен олардың туыстарының ақша операцияларын бақылайтын болады

ҚР Парламентінің Мәжілісі пленарлық отырыста Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулерді мақұлдады.
НҰР-СҰЛТАН. 30 ҚЫРКҮЙЕК - Қаржы-мониторинг агенттігі жария лауазымды тұлғалар мен олардың жақын туыстары ақшамен және өзге мүлікпен жасаған операцияларды қадағалайтын болады.
 
Тиісті нормалар Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында мақұлданған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасында қамтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
 
Мәжілісмен Сергей Симонов бұл заң жобасына Парламент депутаттары бастамашы болғанын хабарлады.
 

Қазіргі уақытта біздің еліміз 2022 жылдың басында жоспарланып отырған қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың өзара бағалауының екінші раундын өткізуге дайындалуда. Осыған байланысты ұлттық заңнамаға ФАТФ-тың халықаралық стандарттарынан (ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу топтары) туындайтын ұсынымдарды имплементациялау қажет", - деді ол.

 
Оның айтуынша, заңнамалық шаралар сарапшыларда өзара бағалау кезінде туындауы мүмкін сын-ескертпелерді болдырмауға мүмкіндік береді. Яғни, бұл шаралар кейіннен біздің елімізді халықаралық ұйымдар мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттер тарапынан ықтимал экономикалық санкциялардан (эмбарго) сақтандыруға мүмкіндік береді. Заң жобасында алдын алу сипатындағы бірқатар негізгі жаңалықтар бар.
 

Бірінші - ҚР жария лауазымды тұлғалары жүзеге асыратын ақшамен және өзге мүлікпен жасалатын операциялар бойынша тиісті бақылауды заңнамалық деңгейде белгілеу. Бұл тұлғалардың тізімін ҚР Президенті бекітеді. Ал қаржы мониторингі агенттігі өз кезегінде осы адамдардың, олардың отбасы мүшелерінің және жақын туыстарының жеке тізімін жүргізетін болады. Яғни, Қазақстанның жария лауазымды тұлғалары мен олардың жақындары қаржы мониторингі субъектілерінен тиісті қызметтерді алған кезде қолданыстағы "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Заңға сәйкес шетелдік жария лауазымды тұлғалар сияқты қосымша тиісті тексеруден өтеді", - деп нақтылады мәжілісмен.

 
Жалпы, бұл норма қаржылық ашықтыққа қол жеткізуге және саяси маңызды лауазымды тұлғалардың сеніп тапсырылған өкілеттіктерін пайдалануына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
 

Екінші - цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, сондай-ақ цифрлық активтерді ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастау жөніндегі қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды қаржы мониторингі субъектілеріне жатқызу. Жоғарыда аталған тұлғаларға қаржы мониторингі субъектілері мәртебесін беру көбінесе цифрлық айла-шарғы жасау арқылы жасалатын заңсыз ақша қаражатын жылыстатуды қудалауды оңтайландыруға және Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жүйесін цифрлық қызметтер саласында туындайтын қатерлерге және ҚР аумағы шегінде осындай виртуалды платформаларды заңсыз пайдалануға дайындауға мүмкіндік береді", - деп хабарлады парламентші.

 
Үшіншісі - мекеменің заңды иесі туралы ақпараттың (тікелей немесе жанама) ашықтығын белгілеу мақсатында Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің деректеріне рұқсат беру.
 

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Заңның қолданыстағы 5-бабы бойынша клиенттер қаржы мониторингі субъектілеріне өздерінің бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті. Осы мәліметтер қазіргі уақытта уәкілетті органға еркін нысанда ұсынылады. Сондықтан ұсынымдарды толық имплементациялау мақсатында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және ҚР Ұлттық банкімен келісім бойынша қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға клиенттердің қаржы мониторингінің белгілі бір субъектілеріне бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтерді ұсыну нысанын белгілеуді көздейтін түзетулер ұсынылады", - деп атап өтті депутат.

 
Ол заң жобасын қабылдау және іске асыру ұлттық қаржы жүйесінің қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді, теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды және мемлекеттік бюджеттен қаржылық шығындарды талап етпейді деп қорытындылады.
 
Ақпарат көзі: egemen.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны