16.03.2022, 17:53 27821

Қазақстанда БАҚ туралы заң қайта қаралады

Қазақстанда БАҚ туралы заң қайта қаралады
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 16 НАУРЫЗ - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң қайта қаралатынын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез-келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды", - деді Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімді.
 

Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек", - деп атап өтті Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

 
Президент бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті екенін атап өтті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. 
 

Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды. Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден бекер "төртінші билік" атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн", - деді Тоқаев журналистерге.

 
Сондай-ақ, Президент қоғамдық мәселелерді қарау үшін елде Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Сондай-ақ, оған Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы жұмысшылары, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді.
 
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бейбіт жиналыстар туралы заңды бұзуға жол бермеу туралы айтты.
 
Бұл құжат, Президенттің айтуынша, белсенді азаматтарға, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділеріне еш кедергісіз шеру өткізуіне, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін айтуына мүмкіндік берді. 
 

Бұл жаңашылдық елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашты", - деді Тоқаев.

 
Дегенмен, Президент атап өткендей, жұртты арандатқысы келетін кейбір белсенділер демократиялық сипаттағы осы заңның өзіне бағынбау, тіпті оны бұзу керек деп санайды. 
 

Мен бұдан былай ешқандай жұмсақтық көрсетпейтінімізді мәлімдеймін. Басқа да заңдар сияқты бұл заңның талаптары да мүлтіксіз орындалуға тиіс", - деп толықтырды ол.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны