12.12.2022, 14:50 17306

Миллионнан астам қазақстандық өз міндеттемелерін өтей алмай отыр

Миллионнан астам қазақстандық өз міндеттемелерін өтей алмай отыр
Сурет: Depositphotos
Бүгінде проблемалық кредиттердің көлемі жарты триллион теңгеге жетті

Астана. 12 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұтынушылық кредиттің шамадан тыс көбеюін төмендету керек екенін айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 

Бүгінде проблемалық кредиттердің көлемі жарты триллион теңгеге жетті. Миллионнан астам адам өзінің банк алдындағы міндеттемелерін өтеуге жағдайы жоқ. Олардың көбі әбден торығып, ескі борышын жабу үшін жаңа кредит рәсімдеуге мәжбүр. Сондықтан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы" Заң күшіне енуге тиіс", - деді Президент.

 
Сонымен қатар, оның айтуынша, кепілсіз онлайн-микрокредиттеуді қатаң реттеу қажет. Кейбір елдерде оған толықтай тыйым салған. Осы тәжірибені зерттеген жөн, деді Тоқаев.
 
Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе - экономиканы кредиттеу және халықтың көп несие алуына тосқауыл қою.
 

Нақты экономиканы кредиттеу ісін кеңейту қажет екенін бірнеше рет айттым. Бизнес қолжетімді қаржыландыруға зәру. Менің тапсырмаммен шұғыл шешімдер топтамасы әзірленді. Ол осы сектордағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталды. Атап айтқанда, зейнетақы жинағының 50 пайызына дейін жеке басқаруға беру үшін БЖЗҚ салымшыларының құқықтары кеңейтіледі. Бұл бизнесті кредиттеуге қажетті "ұзақ мерзімді қаржы" қорын қалыптастырады. Агроөнеркәсіп кешеніне берілетін кредитті арттыру үшін астық қолхаты институты толықтай цифрландырылып, қайтадан іске қосылады. Бұл агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындары үшін сенімді кепіл болады. Экономиканың осы секторын әлдеқайда белсенді кредиттеу үшін жер қойнауын пайдалану құқығына да осындай өзгерістер енгізіледі. Бұған қоса, Үкімет пен қаржы саласын реттеу органдары "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында пайыз мөлшерлемесін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін созу мүмкіндігін қарастырған жөн деп санаймын. Әрине, бұл экономиканың тек анағұрлым басым бағыттарын қамтуға тиіс", - деді Мемлекет басшысы.

 
Бұған дейін хабарланғандай, ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанда 1,4 млн адамның мерзімі өткен несиесі 90 күннен асады. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша, мерзімі өткен кредиттердің жалпы сомасы 1449 млрд теңгені құрайды.
 
Ал әлеуметтік желілерде несиелік амнистия мен несиені кешіру туралы ақпарат тарай бастады, оны Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі жоққа шығарды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны