15.12.2022, 08:41 23361

Мереке күндері Қазақстанның көлік полицейлері қызметін күшейтілген нұсқада атқарады

Мереке күндері жолаушылар ағыны бірнеше есе артады
Мереке күндері Қазақстанның көлік полицейлері қызметін күшейтілген нұсқада атқарады
Сурет: Polisia.kz
Астана. 15 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың жолын кесудің уақытылы алдын алу мақсатында ҚР Тәуелсіздік күні мен жаңа жылды мерекелеу кезеңінде 15 желтоқсан мен 18 желтоқсан аралығында, сондай-ақ 31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында Көліктегі полиция департаментінің жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген түріне өтетін болады, деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, бұл мереке күндері жолаушылар ағынының бірнеше есе артуына байланысты.

Қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау үшін департаменттің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылды. Еліміздің теміржол вокзалдары мен әуежайларында, сондай-ақ жолаушылар пойыздарында полиция нарядтары екі есеге артады. Көлік нысандарында патрульдеу үшін Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік-іздестіру иттері тартыламақ", - деді Малыбаев.


Оның айтуынша, орын алған қылмыстарға жедел ден қою үшін департамент пен оның желілік бөлімшелеріндегі кезекші бөлімдердің жанынан күшейтілген жедел-тергеу топтары құрылған.

Көлік полициясының басшысы жолаушылардан қауіпсіздіктің күшейтілуіне түсіністікпен қарауды сұрады, сондай-ақ азаматтардың жеке мүліктерінің сақталуына мұқият болуларын және оларды қараусыз қалдырмауларын еске салды.

Естеріңізге сала кетейік, ертең, 16 желтоқсанда Қазақстанда мемлекеттік мереке - Тәуелсіздік күні атап өтіледі. Тиісінше, қазақстандықтарды үш күндік - 16, 17, 18 желтоқсан - демалыс күтеді.

Жаңа жылға арналған ресми демалыс күндері: 1, 2 қаңтар. 1 қаңтар жексенбіге сәйкес келетіндіктен, демалыс сейсенбі, 3 қаңтарға ауыстырылады.

Бес күндік жұмыс аптасында қазақстандықтар 31 желтоқсан, 2023 жылғы 1, 2, 3 қаңтарда демалады.

Алты күндік жұмыс аптасында: 2023 жылғы 1, 2, 3 қаңтарда.

Ақпарат көзі: Polisia.kz 
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны