08.02.2023, 09:18 18886

Екібастұзда жылумен жабдықтау жүйесіне кең ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Жөндеу жұмыстары жылыту маусымы аяқталғаннан кейін басталады
Екібастұзда жылумен жабдықтау жүйесіне кең ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Сурет: Instagram/ekibastuz_akimdigi
Екібастұз. 8 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Екібастұзда жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жылумен жабдықтау жүйесіне ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 7 ақпанда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен арнайы кеңесте жылу желілерінің бірқатар учаскелерін ауыстыру және ЖЭО-да жөндеу жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды.
 

Қалада жылыту маусымы аяқталғаннан кейін басталатын кең ауқымды жөндеу науқанына дайындық жүргізілуде. Бүгінгі таңда қалалық жылумен жабдықтау жүйелеріне техникалық аудит жүргізіліп жатыр, қорытындысы бойынша оны кешенді қалпына келтіру шаралары айқындалатын болады. Жалпы ұзындығы шамамен 5 км болатын төрт жылу торабын реконструкциялау үшін ЖСҚ дайыналып, қазір олар мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Сонымен қатар қаланың квартал ішіндегі 400 км желілерін жөндеуге есептер дайындалды", - деп хабарлады Үкімет.

 
Ауқымды жөндеу науқанын жүргізу және қаржыландыру көздерін айқындау үшін облыс әкімдігі мен "ОАЭК" АҚ арасында жауапкершілікті бөлісу бойынша меморандум жобасы әзірленді.
 
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет және Павлодар облысының әкімдігі Екібастұз тұрғындарының пәтерлерінде және қаладағы әлеуметтік нысандарда температуралық режимді тұрақтандыру бойынша кешенді шаралар қабылдауда.
 
Бүгінгі таңда Екібастұз ЖЭО-да 5 қазандық - 2 энергетикалық және 3 су жылытатын қазандық жұмыс істейді. Тағы 5 қазандық жөнделіп жатыр. Сонымен қатар жылу желілеріндегі ақауларды жою жұмыстары тәулік бойына атқарылуда. Қазіргі уақытта квартал ішіндегі учаскелерде тіркелген 9 ақауды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
 
Сонымен қатар Екібастұзда жылу беру температурасын реттеу жұмыстары жалғасуда. Нормативке сәйкес, ол 77/53оС (шығу кезінде) болуы керек, қазіргі кездегі нақты көрсеткіш - 64/45оС (шығу кезінде). Сонымен қатар сыртқы ауа температурасы -21оС-қа жетеді.
 
6 ақпанда жылытудың температуралық параметрлерінің төмендеуіне байланысты қала мектептерін қашықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім қабылданды. Жұмыс аяқталғаннан кейін штаттық оқыту режимі қалпына келтірілмек.
 
Айта кету керек, қалада қалыпты деңгейде жылу берілмей отырған 28 көп пәтерлі тұрғын үй бар. Осыған байланысты жылыту маусымы кезеңінде аталған үйлердің жылумен жабдықтау жүйелерін жөндеп, неғұрлым жоғары параметрлер бойынша жылу беру туралы шешім қабылданды. Жұмыстарды тиісті коммуналдық кәсіпорындар жүргізетін болады.
 
Тұтынушыларға жылу энергиясы үшін төлемді қайта есептеу үшін жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын есептеудің жаңа алгоритмі жасалған.
 
Облыстағы жылыту маусымын өткізу барысы ҚР Үкіметінің ерекше бақылауында.
 
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 27 қарашада Екібастұз ЖЭО-да болған ірі апат қала тұрғындарын 30 градус аязда жылусыз қалдырды. Тұрғын үйлер, сондай-ақ әлеуметтік нысандар: мектептер, балабақшалар мен ауруханалар жылытудан ажыратылды. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Әлеуметтік орталықтардың кейбір балалары мен аурухананың кейбір пациенттерін эвакуациялауға тура келді. Балабақшалар жұмысын тоқтатты, ал оқушылар уақытша қашықтықтан оқытуға ауыстырылды. Қалада жылумен жабдықтаудың берілетін параметрлерін тұрақтандыру және жылу желілерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны