25.04.2022, 19:11 17836

Ақылы автотұрақтар Алматы қаласының коммуналдық меншігіне қайтарылды

Ақылы автотұрақтар Алматы қаласының коммуналдық меншігіне қайтарылды
АЛМАТЫ. 25 СӘУІР - Монополиясыздандыру және ықтимал шығынды өтеу мақсатында Алматы әкімдігіне компания иелерінен "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС-нің 70% мөлшеріндегі үлесін және "Alan Parking" ЖШС-нің 100% үлесін қала меншігіне қайтару туралы ұсыныс түсті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
 "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС бірыңғай оператор ретінде қаланың 5 ауданында (Алмалы, Бостандық, Жетісу, Медеу, Түрксіб) орналасқан тротуар тұрақтарына қызмет көрсетуге маманданған. Әкімдікке осы ЖШС - нің 30% тиесілі.
 
 "AlanParking" ЖШС 3 ауданда (Алатау, Бостандық, Жетісу) орналасқан алаңдағы автотұрақтарға қызмет көрсету жөніндегі бірыңғай оператор болып табылады. ЖШС толығымен жеке меншікте болды.
 
Алматы әкімдігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жоғарыда көрсетілген компаниялардағы үлестерді қайтару туралы тиісті қаулы қабылдады. Бүгінде ақылы тұрақ жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді. Қаулыға сәйкес, ақылы тұрақтар қызметінен түскен барлық кіріс ағымдағы жылдың 25 сәуірінен бастап қала бюджетіне бағытталатын болады.
 
Қазіргі уақытта Алматы әкімдігі қаланың тұрақ аймағын ұйымдастыру жөнінде бірыңғай оператор құру бойынша жұмысты бастады. Қолданыстағы заңнамада белгіленген рұқсат беру құжаттарын алу мерзімдерін, сондай-ақ монополияға қарсы органдармен келісу қажеттілігін ескере отырып, бірыңғай оператор 2022 жылғы 1 тамызға дейін құрылатын болады.
 
Алматы тұрғындарының шағымдары негізінде сервис сапасын арттыру мақсатында ақылы тұрақтар жұмысын жетілдіру үшін кешенді шаралар қабылданады.
 
Алдағы уақытта халықаралық тәжірибені қолдана отырып, қалалық тұрақ кеңістігін дамыту және көшелер мен аулаларды абаттандыру үшін ақылы тұрақтардан түсетін түсімдерді пайдалану тұжырымдамасын әзірлеу жоспарлануда. Сондай-ақ, жинақталған проблемаларды шешу үшін қалада көп деңгейлі тұрақтар салу басымдыққа ие болады.
 
Алматыда ақылы автотұрақ жүйесі алғаш рет 2016 жылы енгізілді. Жоғарыда аталған компаниялардың ақпараты бойынша, ақылы тұрақтардан қаржы айналымы жылына орта есеппен 1,4 млрд теңгені құрады.
 
Қазіргі уақытта компания басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды және бюджет қаражатын ұрлаумен байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Алматы қаласының прокуратурасы компанияның заңсыз әрекеттері туралы ұсыныс енгізді.
 
14 сәуірде Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық департаменті аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен "Алматы тұрағы" (A-Parking) жобасының жауапты тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
 
18 сәуірде "Алматы спецтех паркинг сервис" ЖШС директоры Марат Принбеков Алматыда екі айға қамауға алынды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны