18.03.2021, 23:07 15589

Қандастарға жер беріледі ме - мәжілісмендер заңға енгізілетін түзетулерді талқылауда

Қандастар ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар
Нұр-Сұлтан. 18 наурыз. Kazakhstan Today - Мәжілісте жер қатынастары мәселелері бойынша заң жобасына түзетулерді қарау жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Іс-шараға мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар, парламенттік емес "Adal", "Ауыл" және ЖСДП партияларының өкілдері қатысты. 
 
Отырысты ашқан Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Е.Барлыбаев аталған заң жобасы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалғанын атап өтіп: 
 

Шетелдік жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге ие болу мәселесі әрқашан қазақстандық қоғамды толғандырады. Мемлекет басшысы шетелдік жер пайдаланушыларға, шетелдік қатысуы бар бірлескен кәсіпорындарға, сондай-ақ, қандастарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сатуға және жалға алуға толық тыйым салып, бұл мәселеге нүкте қоюды шешті", - деді депутат. 

 
Таныстырылымда баяндама жасаған Ауыл шаруашылық вице-министрі Рустем Құрманов: 
 

Заң жобасында көзделген мораторийге дейін, шетелдіктермен және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялармен жалға алынған ауыл шаруашылығы жерлері бойынша, олар пайдалану мерзімін ұзарта алмайды. Алайда, пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады. Сондай-ақ, қандастар бойынша, олар жеке қосалқы шарушылығы, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер ала алады. Бірақ, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар", - деді. 

 
Отырыс барысында қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін айтып, ойларын бөлісті. Атап айтқанда, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Президенттің ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салу туралы тапсырмасын қолдайтынын және шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға жерді сатуға және жалға беруге тыйым салу үшін жер кадастрын ашу қажеттігін айтты. 
 
Өз кезегінде, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Т. Рахымбеков: 
 

"Ауыл" партиясы бір позицияны ұстанады. Ол шетелдік азаматтарға, азаматтығы жоқ тұлғаларға, шетелдің үлесі бар қазақстанның заңды тұлғаларына ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскілерін беруге болмайды. Оған шектеу қою қажет деген өзіміздің ұсынысымыз болған. Бұл қоғамда қалыптасқан пікір. Осы пікірді Президентіміз өзінің құқығын пайдаланып, Парламентке ұсынып отырмыз. Осыған сәйкес, құрылған жұмыс тобына кіріп қатысып отырмыз", - деді. 

 
Аталған заң жобасы бойынша айтылған ұсыныс-пікірлер Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Берік Оспанов жетекшілік ететін жұмыс тобында қаралатын болады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны