17.05.2022, 18:18 17816

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін туған күнін атап өтуде

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін туған күнін атап өтуде
Сурет: telegram/БОРТ №1
НҰР-СҰЛТАН. 17 МАМЫР - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін өзінің 69-шы туған күнін атап өтуде, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қазақстан Президентінің туған күніне байланысты шет мемлекеттердің басшыларынан, парламент төрағаларынан, үкімет басшыларынан және шетелдік мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың, коммерциялық мекемелердің жетекшілерінен, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінен құттықтаулар келіп жатыр.
 
Атап айтқанда, Ресей Президенті Владимир Путин, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халық Мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль, Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович, Түркі мемлекеттер ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, ТМД Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Бас хатшысы Дмитрий Кобицкий, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Бас хатшысы Станислав Зась және басқалар құттықтау жеделхаттарын жолдады.
 
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев телефон арқылы құттықтады.
 
Құттықтаулар әлі де келіп түсіп жатыр.
 
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында туған. Әкесі – Кемел Тоқайұлы Тоқаев (1923-1986) Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі жазушы, қазақ әдебиетінің детективті-шытырман оқиғалы жанрының негізін қалаушы. Шешесі – Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматы шет тілдері педагогикалық институтында қызмет еткен.
 
Қ.К.Тоқаев 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институт бітірген. КСРО-ның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде диплом алдындағы тағылымдамадан өткен. 1983-1984 жылдар аралығында Бейжің лингвистика институтында тағылымдамадан өтті. 1992 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдады.
 
Еңбек жолын 1975 жылы КСРО-ның Сыртқы істер министрлігінде бастап, Кеңес Одағының Сингапур Республикасындағы елшілігіне жұмысқа жолданған. 1979 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің аппаратына оралады. 1984-1985 жылдар аралығында КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарып, кейіннен Кеңес Одағының Қытай Халық Республикасындағы елшілігіне жіберілді. Онда 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарында қызмет істейді.
 
1992 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалады. 1993 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды. 1994 жылы еліміздің Сыртқы істер министрі болып тағайындалады. 1999 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болды. 1999 жылғы қазанда Парламенттің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Премьер-Министр болып тағайындалды. 2002 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі болды. 
 
2003-2007 жылдары – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі. Бұл қызметте жаһандық ядролық қару-жарақты таратпау үдерісіне белсенді атсалысты.
 
2007 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы болып сайланды. 2008 жылы Қазақстан Парламентінің жоғары палатасының спикері ретінде ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының вице-президенті болып сайланды.
 
2011 жылғы наурызда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, сондай-ақ Қарусыздану жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі болып тағайындалды. Сонымен қатар Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын атқарды. ТМД-ның және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы болып сайланды.
 
2013 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы болып қайта сайланды. 2019 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ант қабылдады.
 
2019 жылы 9 маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында 70,96 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. 2019 жылы 12 маусымда ҚР Конституциясының 42-бабына сәйкес ант беріп, ресми түрде сайланған Президент ретінде Мемлекет басшысының лауазымына кірісті.
 
Саламатты өмір салтын ұстанады. Көркем шығармаларды, саяси және мемуарлық бағыттағы әдебиеттерді оқығанды ұнатады.
 
Президенттің бүкіл өмірбаянын мына жерден оқуға болады.
 
KAZAKHSTAN TODAY редакциясы Қасым-Жомарт Кемелұлын туған күнімен құттықтап, оған зор денсаулық, бақ-береке және қажырлы еңбегінде Қазақстан халқы тарапынан жан-жақты қолдау тілейді!
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны