09.09.2022, 16:56 30226

Қазақстан Үкіметі су саласын дамыту жоспарларын талқылады

Қазақстан Үкіметі су саласын дамыту жоспарларын талқылады
Сурет: primeminister.kz
НҰР-СҰЛТАН. 9 ҚЫРКҮЙЕК - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қазақстанның Су кеңесінің отырысында су саласын кешенді дамыту бойынша жоспарлар қаралды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев таяуда Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау үшін су саласын дамытудың үш жылдық кешенді жоспары әзірленіп жатқанын хабарлады.
 
Оның аясында жаңа Су кодексін әзірлеу басталды, трансшекаралық өзендер бойынша келіссөздер процесінде Қазақстанның позициясын нығайту және су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту жоспарланып отыр.
 
Бұдан басқа, Үкімет мәліметтері бойынша, ауыл шаруашылығы өндірушілерін су үнемдеу технологияларын пайдалануға ынталандыратын тетіктер әзірленеді, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және су қоймаларын салу жұмыстары жанданады, магистральдық және шаруашылықаралық суару каналдарын Бірыңғай цифрлық есепке алу жүйесі дамиды.
 
Сонымен қатар Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын күшейту және оны су ресурстары проблемалары жөніндегі салалық ғылыми орталық ретінде белгілеу, сондай-ақ су саласында сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін базалық жоғары оқу орнын айқындау жоспарда бар.
 
Премьер-Министр аталған тәсілдерді қолдап, әр бағытты сапалы пысықтаудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар Әлихан Смайылов саланы дамытудың жаңа жоспарын әзірлеуді жеделдетуді және оны осы жылдың қараша айында қарауға енгізуді тапсырды.
 

Су үнемдеуді ынталандырудың тиімді тетіктерін әзірлеу, кезең-кезеңмен су қоймаларын реконструкциялап, салу қажет. Міндетті түрде су ресурстарын басқаруды цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жұмысты кеңейту маңызды, себебі бұл – осы саладағы тиімділікті арттырудың негізгі әдістерінің бірі", — деді Әлихан Смайылов.

 
Отырысқа қатысушылар Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарында ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру бойынша ЕҚДБ-мен бірлескен жобаларды іске асырудың өзекті мәселелерін қарастырды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны