02.03.2021, 20:40 11991

Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері бірлескен мәлімдеме жасады

Садыр Жапаров Қазақстан басшысын өзіне ыңғайлы уақытта сапармен Қырғыз Республикасына келуге шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруды ризашылықпен қабыл алды. Сапардың мерзімдері дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болады.
Нұр-Сұлтан. 2 наурыз. Kazakhstan Today - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Ақордадағы келіссөздердің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazakhstan Today Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Достық пен сенім сипатында өткен келіссөздер барысында мемлекет басшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту келешегін талқылады, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
 
Теңдік, өзара сенім, сыйластық және бір-бірінің мүдделерін ескеру негізінде достық, стратегиялық әріптестік және одақтастықтың қазақ-қырғыз қарым-қатынастарын кешенді нығайту жолындағы бағдарының мызғымастығын растайды.
 
Пандемияның жалғасуы жағдайында коронавирус инфекциясына қарсы бірлескен іс-қимылды жандандыру маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыдан қырғыз тарапы Қазақстан Республикасының жәрдемі мен көмек көрсетуге әзірлігі, соның ішінде, гуманитарлық сипаттағы қолдауы үшін ризашылық білдірді.
 

Эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажеттігін мойындай отырып, тараптар мемлекеттердің аумағы арқылы азаматтардың және көлік құралдарының транзиті мен еркін қозғалысы үшін келісілген шараларды қабылдау маңыздылығын атап өтеді", - делінген мәлімдемеде.

 
Өнеркәсіп, гидроэнергетика, отын-энергетикалық кешен, жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы, өңдеу секторы, логистика саласында, жол-көлік инфрақұрылымы мен банк саласындағы кооперациялық жобаларды іске асыруға бағытталған іскерлік байланыстарды жан-жақты кеңейту қажеттігін атап көрсетеді.
 
Қырғыз Республикасы ЕАЭО-дағы Қазақстан Республикасы төрағалығының басымдықтарына қолдау білдіреді. Осы тұрғыдан Тараптар еуразиялық экономикалық интеграция, соның ішінде, тосқауылсыз, алып тастаулар мен шектеулерсіз, тауарлар, көрсетілетін қызметтер, капитал және ортақ еңбек нарықтарының әлеуетін толықтай ашып көрсетуге бағытталған шараларды әзірлеуде санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық шаралар бойынша өзара ықпалдастықты нығайту, өнеркәсіптік кешендердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және басқа да бағыттарда ортақ әдістемелерді қалыптастыру маңыздылығын атап өтеді.
 
Тараптар шекара маңы ынтымақтастығының әлеуетін ашып көрсету мақсатында Бірінші Өңіраралық қазақ-қырғыз форумын өткізуге мүдделі екенін растайды. 
 
Ортақ экономикалық кеңістік жағдайында тауарлардың Қазақстан мен Қырғызстан аумақтары арқылы бөгетсіз өтуін қамтамасыз ету үшін қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасында логистикалық орталық құруды тездету бойынша Үкіметтерге тиісті тапсырма берілді.
 
Өңірішілік ынтымақтастықтың барлық салаларында бесжақты өзара ықпалдастықты жандандыру үшін қолайлы жағдай тудыратын Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері форматын одан әрі дамытудың басым мәнге ие екендігін ерекше атап көрсетеді. 2021 жылы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті Консультативтік кездесуін Қырғыз Республикасында эпидемиологиялық жағдай тұрақталғаннан кейін өткізудің маңыздылығын атап өтті.
 
Орталық Азия мемлекеттері экономикаларының неғұрлым тұрақты дамуына ықпал ететін, 2021 жылы Қырғыз Республикасында өткізілуі жоспарланған Еуропалық Одақ – Орталық Азия бірінші экономикалық форумның елеулігін атап көрсетеді.
 
Халықаралық терроризмге, экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, халықаралық қауіпсіздікке төнетін басқа да сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы күрес мәселелерінде екіжақты және көпжақты деңгейдегі бірлескен күш-жігер арттырудың маңыздылығына назар аударады.
 
Жуық арада Абай Құнанбаевтың Бішкекте, сондай-ақ, Манас пен Шыңғыс Айтматовтың Нұр-Сұлтанда ескерткіштерін орнату туралы уағдаластықтардың ерекше мәнге ие екенін айрықша белгілеп өтеді. 
 
Тараптар табысты келіссөздер мен сапар барысында қол қойылған екіжақты құжаттар Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы достық және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін, сондай-ақ, қол жеткізілген уағдаластықтарды ойдағыдай іске асыруға ерекше мән береді.
 
Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қонақжайлық көрсеткені үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша қазақ халқына ризашылығын білдірді және жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан басшысын өзіне ыңғайлы уақытта сапармен Қырғыз Республикасына келуге шақырды.
 
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруды ризашылықпен қабыл алды. Сапардың мерзімдері дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болады.
 
Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:
 
  • Қазақстан Республикасының Президенті мен Қырғыз Республикасы Президентінің бірлескен Мәлімдемесі;
  • Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің арасындағы қайтарымсыз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісім;
  • Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Жастар ісі, дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттік арасындағы ұлттық спорт түрлері мен халық ойындарын дамыту туралы ведомствоаралық келісім;
  • Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2021-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;
  • Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Цифрлық даму мемлекеттік қызметі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Экологиялық және техникалық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекцияның 2021-2022 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары;
  • Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің және Қырғыз Республикасы Энергетика және өнеркәсіп министрінің арасындағы электроэнергиямен тауар алмасу туралы хаттама;
  • Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қырғыз Республикасының Қорғаныс министрлігінің арасындағы 2021 жылға арналған ынтымақтастық бағдарламасы.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны