БҰҰ-да Қазақстанның цифрлық трансформация және жасанды интеллект саласындағы жетістіктері таныстырылды
Сурет: gov.kz
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Жасанды интеллект жылы аясында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Қазақстанның мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау және жасанды интеллектті дамыту саласындағы жетістіктері таныстырылған жоғары деңгейдегі іс-шара өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің баспасөз қызметінен.
Вице-министр Б.Мұхаметқалиев Қазақстанның мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау және AI-Native Government моделіне көшу бағытындағы жетістіктерін таныстырды. Ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде Smart Data Ukimet платформасына, eGov.GPT жүйесіне, проактивті мемлекеттік қызметтерге, Цифрлық отбасы картасына және электрондық үкіметтің бірыңғай интеграциялық платформасына ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, Институционалдық негізді, заманауи есептеу инфрақұрылымын және адами капиталды дамытуға негізделген Қазақстанның ұлттық жасанды интеллект экожүйесі таныстырылды. Қатысушылар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан бастамалармен, оның ішінде "Жасанды интеллект туралы" ҚР заңнамасымен, ҚР Президентінің жанындағы Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің қызметімен, ұлттық суперкомпьютерлік қуаттарды дамытумен, отандық үлкен тілдік модельдерді әзірлеумен және еліміздегі алғашқы Data Center Valley жобасымен танысты.
Астанада ашылған AlemAI халықаралық жасанды интеллектті дамыту орталығына ерекше назар аударылды. Орталық TUMO Astana, Tomorrow School, Халықаралық жасанды интеллект университеті, стартап-экожүйе бағдарламалары мен зерттеу зертханаларын қоса алғанда, жасанды интеллект саласындағы білім беру, ғылыми-зерттеу және инновациялық бастамаларды біріктіріп, кадрларды даярлау мен жасанды интеллект технологияларын енгізудің кешенді платформасын қалыптастыруда.
Өз сөздерінде халықаралық қатысушылар Қазақстанның мемлекеттік басқаруды цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту саласындағы жетістіктеріне жоғары баға берді. Қазақстанның цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды дамыту, проактивті мемлекеттік қызметтерді енгізу және ұлттық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру тәжірибесі басқа мемлекеттер үшін үлкен қызығушылық тудыратыны және мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруда цифрлық технологияларды пайдаланудың практикалық үлгісі бола алатыны атап өтілді.
Қатысушылар инклюзивті, қауіпсіз және адамға бағдарланған жасанды интеллектті дамыту үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттердің әлеуетін арттыру және цифрлық трансформация саласындағы озық тәжірибемен алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық цифрлық күн тәртібін ілгерілетудегі және цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың жаңа платформаларын қалыптастырудағы белсенді рөлі атап өтілді.
Іс-шара Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, озық тәжірибе алмасуға және тұрақты даму мен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мүддесінде инновациялық цифрлық шешімдерді ілгерілетуге бейілділігін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

