20.12.2021, 19:16 138381

Көкшетауда "Ақмола облысының тарихи топонимдері" кітабының тұсаукесері өтті

Көкшетауда "Ақмола облысының тарихи топонимдері" кітабының тұсаукесері өтті
Сурет: Ақмола облысының ІСБ
КӨКШЕТАУ. 20 ЖЕЛТОҚСАН - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Достық үйінде "Ақмола облысының тарихи топонимдері" кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ведомствоның мәліметінше, кітап өңірдің елді мекендері мен әкімшілік-аумақтық бірліктерінің тарихи атауларын іздеуге және қалпына келтіруге арналған.
 
Басылым биылғы жылы ішкі саясат басқармасы жүзеге асырған "Ақмола облысының тарихи-географиялық атауларын зерттеу және қалпына келтіру" жобасының нәтижесінде жарық көрді.
 
Шарада сөз алған облыстық басқарма басшысы Алтынай Әміренова бұл жобаның бұған дейінгі ғылыми зерттеулердің заңды жалғасы екенін атап өтті.
 

2020 жылы "Ақмола облысының топонимикасы" арнайы жобасы аясында Еуразия ұлттық университетінің белгілі ғалымы Жамбыл Артықбаевтың жетекшілігімен 80 елді мекеннің тарихи атаулары анықталды", - деп хабарлады Алтынай Әміренова.

 
Кітаптың авторы - Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері Ирина Бекзатқызы өңірдің тарихи топонимдерін зерттеу кезінде еліміздің орталық мемлекеттік архивінің тарихи құжаттары және Омбы облысының мемлекеттік тарихи архивінің картографиялық материалдары негізге алынғанын айтты.
 

Басылымда Ақмола облысының ономастикалық кеңістігін зерттеудің жаңа нәтижелері ұсынылған, облыстың әкімшілік-аумақтық бірліктерінің атаулары бойынша тарихи деректер келтірілген. Сондай-ақ, геоақпараттық жүйелер технологиясын пайдалана отырып, мұрағат деректері негізінде жасалған карталар ұсынылды", - деп жеткізді зерттеуші.

 
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Сәбит Жамбек тарихи деректерге негізделген жұмысты жоғары бағалады, оның пікірінше, Қазақ географиялық атауларына, топонимдердің шығу тарихына қызығушылық танытатын қалың оқырманға лайықты сыйлық болады.
 
Айта кетейік, соңғы екі жылда 150-ге жуық елді мекеннің тарихи атаулары табылды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны