20.05.2021, 22:20 16597

Каспийде Қазақстан мен Ресей әскери теңізшілерінің бірлескен оқу-жаттығуы өтуде

АҚТАУ. 20 МАМЫР - Каспий теңізінде Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің және Ресей Федерациясы Әскери-теңіз флотилиясының бірлескен оқу-жаттығуы өтуде, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Қарулы Күштерінің атынан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы басқармасының жедел тобы, әскери-теңіз базасының бөлімшесі, "Орал" және "Маңғыстау" зымыранды-артиллериялық корабльдерінің, "Жайық" гидрографиялық кемесінің экипаждары қатысады. Бұдан өзге, оқу-жаттығуға майдан ұшақтары мен армия авиациясының тікұшақтары жұмылдырылды.

Бірлескен оқу-жаттығуды Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжанов басқарады.

Оқу-жаттығу барысында екі елдің әскери теңізшілері Қазақстан мен Ресей су айлағында орналасқан Каспий теңізінің полигондарында жауынгерлік оқу-жаттығу міндеттерін орындауы тиіс.

Аталмыш оқу-жаттығудың тақырыбы – Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі Экономикалық қызметтің объектілерін қорғау.

Атап айтқанда, экономикалық қызмет объектілерін күзету мен қорғау жөніндегі міндеттерді пысықтап, жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудің жаңа әдістері мен тәсілдерін үйренеді. Кемелердің экипаждары шартты әуе қарсыласының шабуылына тойтарыс беру жөніндегі іс-шаралар кешенін, әуе және теңіз нысандарына артиллериялық атыстар жүргізуді орындайды, сондай-ақ шартты түрде апатқа ұшыраған кемеге көмек көрсету жөніндегі міндеттерді пысықтайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны