14.10.2022, 16:28 36901

"Орталық Азия – Ресей" саммиті: Тоқаев өңірлік қауіпсіздікті күшейту жөнінде шаралар әзірлеуді ұсынды

"Орталық Азия – Ресей" саммиті: Тоқаев өңірлік қауіпсіздікті күшейту жөнінде шаралар әзірлеуді ұсынды
Астана. 14 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - "Орталық Азия-Ресей" саммитінде сөз сөйлеу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік қауіпсіздікті күшейту жөнінде шаралар әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Президент бүгінгі кездесу барысында қол жеткізілетін уағдаластықтар алтыжақты ынтымақтастықтың іргетасын нығайтатынына сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі көзқарасын негізгі өлшемдер тұрғысынан жеткізді.
 

Бірінші, бұл – қауіпсіздік. Тағдыр біздің елдерімізге бірге болуды жазған. Ортақ тарихымызды сақтай отырып, халықтарымыздың игілігі үшін ортақ келешегімізді құруға тиіспіз. Әр мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік бүкіл аймақтың дамуына тікелей әсер етеді. Мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың түпкі мүддесін басшылыққа ала отырып, назарларыңызды жаңа қауіп-қатерлердің алдын алуға және оған дер кезінде төтеп беруге арналған тиімді әдістерді әзірлеу қажеттігіне аударғым келеді", – деді Мемлекет басшысы.

 
Президенттің пікірінше, қазіргі өзара іс-әрекет тетіктері жүйелі түрде жетілдіруді қажет етеді. Оның айтуынша, аймақтағы ахуалды тұрақсыздандыруға тырысу, қақтығыстарды өршіту үшін гибридтік және ақпараттық технологияларды пайдалану – осының айқын мысалы. Осыған байланысты елдердің қауіпсіздік кеңестері аппараттарына алдын алу шараларының механизмдерін әзірлеу және жасақтау туралы ұсыныс беру жөнінде айтылды. Бұл істе ақпарат алмасуға және қауіп-қатерді алдын ала анықтауға баса мән берілуге тиіс.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдайға айрықша көңіл бөлу керек деп есептейді. Елдеріміз үшін оның қаупі әлі сейілген жоқ. Президенттің пікірінше, тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі.
 

Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс. Аталған мәселені қарастыру үшін өңірлік сараптама алаңын құру пайдалы болады деп ойлаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны