16.09.2022, 14:46 29616

Парламент Конституцияға жеті жылдық президенттік мерзімі және елордаға Астана атауын қайтару туралы түзетулерді мақұлдады

Парламент Конституцияға жеті жылдық президенттік мерзімі және елордаға Астана атауын қайтару туралы түзетулерді мақұлдады
Сурет: parlam.kz
НҰР-СҰЛТАН. 16 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын екі оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қазақстан жаңа саяси дәуірге қадам басқалы тұр. Біз сол ұзақ жолдың алғашқы қадамын бастадық. Бұған дейін бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған конституциялық реформа саяси жаңғырудың негізін қалады. Ал бүгінгі қабылданған шешім сол реформалардың нүктесін қойып, мемлекетіміздің жаңа саяси модельге көшуіне жол ашады. Еліміз демократияға қарай нық бағыт алды. Мемлекеттік құрылым түбегейлі өзгереді. Солайша, біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың маңайына топтасып, әділетті қоғам құрып, ел байлығының халыққа теңдей бөлінуіне жағдай жасап, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, бейбіт те берекелі өмірдің орнығуын қамтамасыз етіп отырмыз, – деді Ерлан Қошанов.

 
Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы Конституцияда Республика Президенті өкілеттігінің бір мәрте жеті жылдық мерзімін белгілеуді, сондай-ақ елорданы қайта атауға қатысты Негізгі Заңның 2-бабына өзгерістер енгізуді көздейді.
 
Бұдан бұрын хабарланғандай, 14 қыркүйекте Конституциялық кеңес "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заң жобасын Конституцияға сәйкес деп таныды.
 
Кеңестің пікірінше, Президенттік және парламенттік сайлау институты мемлекеттіліктің, демократиялық құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның конституциялық моделінің барлық басқа компоненттерін қозғайтын ерекше жүйе құрушы конституциялық құндылық. 
 

Осылайша, ол мемлекеттің маңызды органдарын жаңартудың тиімді құралы болып табылады. Сол арқылы Республиканың әлеуметтік негізі, халықтың мемлекеттік билік бастамаларын қолдауы нығайтылады", - делінген кеңестің қорытындысында. 

 
Конституциялық Кеңес бұл ретте сайлау науқандары кезеңінде азаматтық қоғамның әртүрлі сегменттері жанданатынын атап өтті. Осы жағдайларда Қазақстан Республикасының Конституциясында баянды етілген барлық құндылықтар серпінді әрі үйлесімді іс-әрекет етуге тиіс. 
 
Конституциялық Кеңес президенттік мандаттың бір мәрте жеті жылдық мерзімін белгілеу ағымдағы жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда қабылданған мемлекеттік билікті монополизациялауға жол бермеуге бағытталған конституциялық новеллалардың мәніне сәйкес келеді деп есептейді. 
 

Бұл мерзім аталған жоғары лауазымды тұлға лауазымына сайланатын барлық адамдарға тең негізде қолданылатын болады. Онымен Конституциялық Сот судьяларының бір мәрте сегіз жылдық өкілеттік мерзімін анықтау үйлеседі", - делінген құжатта. 

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны