11.01.2023, 14:03 31621

Президент полиция қызметкерлерінің Әдеп кодексін бекітті

Президент полиция қызметкерлерінің Әдеп кодексін бекітті
Сурет: Polisia.kz
Кодекс құқық қорғау қызметінің беделін, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға бағытталған

Астана. 11 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 2 қаңтардағы Жарлығымен ҚР құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің Әдеп кодексін бекітті.

Кодекс Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің бірыңғай әдеп қағидаттары мен мінез-құлқына қойылатын талаптарды белгілейді", - делінген құжатта.


Кодекс құқық қорғау қызметінің беделін, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға бағытталған.

Кодексте белгіленген қызметтік әдеп талаптары барлық қызметкерлер үшін міндетті. Құжатта адам Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметіне қызметке тұрғаннан кейін үш күн мерзімде жазбаша нысанда осы Кодекстің мәтінімен таныстырылуға тиіс. Кодекстің мәтіні Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының ғимараттарында көпшіліктің қарауына қолжетімді жерлерде орналастырылады.

Құқық қорғау қызметінің арнайы әдеп қағидаттарына:

  • офицерлік ар-намыс - азаматтық және қызметтік борышқа, қабылданған адамгершілік міндеттемелеріне адалдығынан көрініс табатын қызметкердің басты ішкі қадір-қасиеті, оның айбындылығы, парасаттылығы мен ар-ожданының тазалығы, адал абыройы, игі атағы, жеке басының беделі;
  • жоғары адамгершілік - өзінің және бағынысты адамдардың ар-намыс ұғымының мәнін түсінуі, әділдікті барынша сезіну, моральдық тазалық пен руханилық, кәсіби міндеттерге жоғары дәрежеде қоғамға пайдалы және қажетті міндеттер ретінде саналы түрде қарау;
  • жанашырлық - адаммен және азаматпен мейірімді қарым-қатынас жасау, олардың игілігі үшін жәрдемдесуге дайын болу, адамдармен қарым-қатынас кезінде біркелкі тұлғалық ұстанымды негізге алу;
  • өзіндік тәртіп - эмоциялық жай-күйіне қарамастан, шешім қабылдау және әрекет ету қабілеттілігі;
  • ізгілік - адамгершілік, көмекке келуге дайын болу, туындаған жағдайды және зардап шеккен адамдардың дәрменсіздігін ешқашан пайдакүнемдік мақсатта айдаланбау, әрбір адамның жалпы адамзаттық құқықтарын алаламай тану жатады.

Қызметкерлер азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып:

  • Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерін мүлтіксіз сақтауға, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге және құрметтеуге;
  • заңның кез келген бұзушылықтарымен, оларды кімнің жасағанына қарамастан қарсы күресуге, адам мен азаматтың заңмен қорғалатын құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау үшін уақтылы тиімді шаралар қабылдауға, заңды бұзушылықтарды жоюға және бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге қол жеткізуге;
  • өз іс-әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін, азаматтар мен қоғамның мемлекет институттарына сенімін нығайтуға ықпал етуге;
  • адамның және азаматтың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, оларды бұзумен ұштасатын іс-әрекеттерге жол бермеуге, шағымдарға сергек ден қоюға;
  • шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне және өзге де мән-жайларға қарамастан, адамның және азаматтың арнамысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;
  • Қазақстан Республикасының, мемлекеттік биліктің, құқық қорғау органының беделін түсіретін, қоғамдық теріс резонанс тудыратын әрекеттердің жасалуына жол бермеуге, олардың абыройына нұқсан келтіруі мүмкін мінезқұлық көрсетпеуге;
  • Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге;
  • мемлекеттік тілге және басқа да тілдерге, Қазақстан халқының салтдәстүрлеріне құрметпен қарауға;
  • кәсіби біліктілігін, жалпы білімін және мәдени деңгейін үнемі жоғарылатуға, жалпы қабылданған адамгершілік қағидаттары мен нормаларын сақтауға, қоғамның қажеттілігін қанағаттандыруға ұмтылуға, қызметте және тұрмыста жоғары интеллект пен мәдениеттің үлгісі болуға;
  • қоғамға дайындығы бар және білікті қызметкер ғана пайда әкелуі мүмкін екенін әрдайым есте ұстауға, өзінің біліктілігін арттыруға, кәсіби даярлық жолымен жетілуге, жан-жақты дамыған, жоғары білімді болуға ұмтылуға, қызметте озық тәжірибені сауатты пайдалануға;
  • қарапайым болуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеуге, өзінің қызметтік жағдайын асыра көрсетпеуге және пайдаланбауға;
  • қызметкердің жоғары атағына нұқсан келтіруі мүмкін қатынастардан аулақ болуға;
  •  талапшыл болуға, табанды, шыншыл болуға, кәсіби міндеттерін бейтарап және объективті атқаруына әсер етуі мүмкін қаржылық және іскери өзара қарым-қатынастардан тартынуға;
  • мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, мемлекеттік мүлікті лауазымдық міндеттерін орындау үшін нысаналы мақсатта ғана пайдалануға;
  • қызметтік жағдайын мемлекеттік мүддеге қол жеткізу үшін ғана пайдалануға тиіс.

Сондай-ақ, Кодексте қызметкерлерге көпшілік алдында сөйлеу кезінде қойылатын талаптар және қызметкерлердің кодекс талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілігі жазылған.

Қызметкерлер мемлекеттік саясат және қызметтік жұмыс мәселелері бойынша өз пікірін, егер ол:

  • мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмесе;
  • жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса;
  • мемлекеттің, мемлекеттік басқару органдарының лауазымды адамдарының, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің, мемлекеттік қызметшілердің, жеке және заңды тұлғалардың атына әдепсіз сөздерді қамтыса, көпшілік алдында айтпауға тиіс.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны