19.01.2022, 17:43 79341

ҰҚШҰ бітімгерлерінің Қазақстаннан шығарылуы аяқталды

ҰҚШҰ бітімгерлерінің Қазақстаннан шығарылуы аяқталды
Сурет: telegram/СЦК
НҰР-СҰЛТАН. 19 ҚАҢТАР - Бүгін ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштерін Қазақстан аумағынан шығару аяқталды. Соңғы жеке құрам мен техника әуе кемесімен Алматыдан ұшып шықты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттердің әскери қызметшілері жоқ", - деп мәлімдеді Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Құсайынов. 

 
Ол еске салғандай, бірлескен бітімгершілік контингенті, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 2-ші және 4-баптарына сәйкес, әріптестерге көмек сұрап, өтініш жасау негізінде елдегі жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесу үшін Қазақстанда орналастырылды. Контингент әуежайларды, әскери қоймаларды және азаматтардың өмірін қамтамасыз ететін басқа да стратегиялық нысандарды қалқалау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметтерін атқарды.
 

Қазақстанда ҰҚШҰ-ның бітімгершілік әлеуетін өрістету дер кезінде және тиімді болды, іс жүзінде ведомствоаралық және мемлекетаралық өзара іс-қимыл мен ұйым ішіндегі үйлестіру тетіктері пысықталды", - деп атап өтті Құсайынов. 

 
Ол іс жүзінде болған оқиғалар ҰҚШҰ дамуындағы шешуші кезең болып, қуатты халықаралық институт ретінде жаңа қасиеттерге ие болғанын атап өтті.
 

Бұл операция көпжылдық ынтымақтастық барысында пысықталған тетіктерді іс жүзінде қолданудың мысалы ғана емес, сондай-ақ одақтас мемлекеттердің жауынгерлік бауырластығы мен рухының нақты дәлелі ретінде ұйым тарихына енетіні сөзсіз", - деп түйіндеді қорғаныс ведомствосының өкілі.

 
Естеріңізге сала кетейік, 6 қаңтарда республиканың барлық аумағында тәртіпсіздіктерге байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ серіктестеріне әскери көмек сұрап жүгінді.
 
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштерін Қазақстанға жіберу туралы шешім қабылдады. 6 қаңтарда ҰҚШҰ контингентінің алдыңғы қатарлы бөлімшелері Қазақстанда қойылған міндеттерді орындауға кірісті. Олардың құрамына Ресей, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстан Қарулы Күштерінің бөлімшелері кірді.
 
Қаңтар трагедиясының барлық хронологиясы осында.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны