01.03.2023, 08:12 31976

Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс күнімен құттықтады

Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс күнімен құттықтады
Сурет: akorda.kz
Астана. 1 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Құрметті отандастар! Сіздерді Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерекеде ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеледі", - деді Тоқаев.


Ол Алғыс айту күні қиын-қыстау замандарда да мейірімділік пен жанашырлық таныта білген әрі бірлігін бекем еткен халқымыздың ізгі қасиеттерін жадымызда жаңғыртатынын атап өтті.

Бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер және еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңінде әрбір азаматтың ел болашағы үшін жауапкершілік танытуы және өзара қолдау көрсетуі аса маңызды.

Бүгінгі мейрамда адал еңбегі, жасампаздығы мен отаншылдығы үшін барша халқымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз еліміздің ауызбіршілігін сақтай білсек, кез келген қиындықты еңсереміз. Әділетті Қазақстанды құрып, елімізді одан әрі өркендете береміз деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!" - деді Президент.


Бұдан бұрын хабарланғандай, мереке 2016 жылы бекітілген. Алғыс айту күні 1 наурызда атап өтіледі. Бұл күнді таңдау 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстанда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуымен түсіндіріледі.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны