01.05.2023, 09:24 52341

Тоқаев қазақстандықтарды Халық бірлігі күнімен құттықтады

Тоқаев қазақстандықтарды Халық бірлігі күнімен құттықтады
Сурет: Depositphotos
Ел бірлігі - біздің баға жетпес байлығымыз, мемлекеттілігіміздің берік негізі

Астана. 1 мамыр. KAZAKHSTAN TODAY - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қадірлі отандастар! Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл - тұрақтылық пен тыныштықты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам. Ел бірлігі - біздің баға жетпес байлығымыз, мемлекеттілігіміздің берік негізі", - деді Президент.


Ол қазақ жері сан алуан этнос өкілдерінің құтты мекеніне айналғанын атап өтті.

Барлық азаматтарымыз өткен тарихы, бүгіні мен болашағы бір екенін терең ұғынады. Өйткені жұртымыздың құндылықтары да, арман-мұраттары да ортақ. Түптеп келгенде, бәріміз - үлкен қара шаңырақтың, біртұтас қазақ ұлтының перзенттеріміз", - деді Мемлекет басшысы.


Оның айтуынша, еліміздің өсіп-өркендеуі қолға алған реформалардың тиімді жүзеге асырылуына байланысты. Біз осы іргелі мақсаттарға мызғымас бірліктің арқасында ғана қол жеткіземіз.

Халқымыз "Ырыс алды - ынтымақ" дейді. Бабаларымыздың бұл өсиеті - Әділетті Қазақстандағы басты ұстанымның бірі. Біз татулық, теңдік және әділдік қағидаларына негізделген қоғам құрамыз. Бірлігі жарасқан жұртымыздың абыройы асқақ болсын! Баршаңызға бақ-береке және толағай табыс тілеймін! Мереке құтты болсын, ағайын!" - деді Тоқаев.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны