22.10.2022, 14:26 34211

Тоқаев "азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды" деген мәлімдемеге түсініктеме берді

Тоқаев "азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды" деген мәлімдемеге түсініктеме берді
Сурет: Telegram/БОРТ №1
Астана. 22 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Астанада мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімі кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды, еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады" деген мәлімдемеге түсініктеме берді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 

Қазақта "Егемен болмай, ел болмас" деген терең мағыналы сөз бар. Кейде "Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды, еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады" деген біржақты, үстірт тұжырымдар айтылып қалатыны жасырын емес. Бұл – сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі. Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары және зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Елдің рухын көтеретін астарлы көркем шығармалар жарық көрді. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Ол Егемендік декларациясын халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болатынын атап өтті.
 

Әрине, мұндай қадамға бару оңай болған жоқ. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын. Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады", - деді Мемлекет басшысы.

 
Ол Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынғанын еске салды. Оның айтуынша, оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді.
 

Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ. "Республика" сөзі латын тілінде "ортақ іс" деген мағына беретіні баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды", - деді Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтамыз десек, бізге, ең алдымен, өзара жауапкершілік және тілектестік идеологиясы аса қажет екенін атап өтті.
 

Себебі егемен еліміздің тағдыры – әр азаматтың қолында... Енді елімізге барша халыққа түсінікті болатын және шын мәнінде, азаматтарымыздың сұранысына сай келетін идеология қажет. Ашығын айтқанда, бізге жасанды қағидалар емес, барша азаматтардың көңілінен шығатын, олардың жүрегіне жылы тиетін шынайы өмірде қажет болатын дұрыс бағыт-бағдар керек. Бүгінде халқымыз бір ел болып жұмылып, тұтастықта өмір сүріп жатыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай", - деді ол.

 
Сондай-ақ, Президент өз сөзінде біздің паспорт бүкіл әлемде құрметтелетінін, оған ешқандай кедергі жоқ екенін атап өтті. Қазақстан азаматтары шет мемлекеттердің визасын алып, шекараларды кесіп өтеді, қызметтік және жеке мақсатта шетелге еркін шығады.
 

Бұл – біздің этносаралық толеранттылық пен достықты нығайту жөніндегі саясатымыздың, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған дәйекті бағдарымыздың нәтижесі", – деді Мемлекет басшысы.

 
Бұдан басқа, Тоқаев атап өткендей, біздің ішкі тұрақтылығымыз – еліміздің одан әрі дамуының маңызды шарты және еуразиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін фактор.
 

Қазақстан дүние жүзіне озық дамуға бет алған және барша әлемге ашық мемлекет ретінде, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы негізінде халықаралық қатынастардың әділетті жүйесін құруды көздеген ел ретінде танымал", - деді ол.

 
Конституция – мемлекеттігіміздің кепілі. Соған сәйкес еліміздің әрбір азаматы біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлігі әрі ел тағдырына ықпал ететін қоғам мүшесі. Ата Заңымыз әр адамға осындай құқық беріп отыр.
 
Сондай-ақ, Тоқаев оның тапсырмасы бойынша мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережелеріне өзгерістер енгізілгенін еске салды.
 

Әрбір азаматымыз қастерлі Отанымызға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік рәміздерге құрметі арқылы көрсете алады. Қазір байрағымызды қоғамдық жерлерде және жекеменшік орындарда қоюға еш тыйым жоқ", – деді Мемлекет басшысы.

 
Мемлекет басшысы алдағы президенттік сайлау туралы айта отырып, оның нәтижелері бір реттік жеті жылдық мерзіммен шектелетін жауапты президенттіктің жаңа саяси дәстүрін қалыптастыратынын атап өтті. Бұл дәстүр жоғарғы билікті өркениетті және жүйелі түрде ауыстыру механизмін орнатып, оны монополиялау әрекеттеріне тосқауыл қояды.
 

Келесі жылға жоспарланған Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы қазақстандық парламентаризмді дамытудағы маңызды бетбұрыс болмақ. Олардың нәтижелері азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге, барлық әлеуметтік топтардың инклюзивті өкілдігін қамтамасыз етуге бағытталған біз жүргізіп отырған саяси жаңғыртудың тікелей көрінісі болады. Осылайша, біз саяси жүйеміздің негізгі институттарын қайта іске қосып, нығайтамыз,ұзақ мерзімді мемлекеттік құрылыстың тұрақты векторын белгілейміз", - деді Президент.

 
Оның айтуынша, әділ Қазақстан экономикасында фаворитизмге орын жоқ. Экономикалық саясат мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделері үшін нақты мақсаттарға қол жеткізуге бағытталатын болады. Оның мәні экономикалық өсудің абстрактілі сандарына ұмтылу емес, азаматтардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін кең мүмкіндіктер мен тең жағдайлар жасау, барлық отандастардың өмір сүру сапасын тұрақты арттыру.
 

Сондай-ақ сот жүйесі мен құқық қорғау саласындағы реформалар жалғасады, заң мен тәртіп азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырудың негізгі факторына айналады. Адамдар – біздің басты байлығымыз, экономикалық және қоғамдық дамудың басты қозғаушы күші. Сондықтан біз адам әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық инвестицияны ұлғайтамыз, жастарымыз бен әлеуметтік әлсіз санаттағы азаматтарымызды жан-жақты қолдаймыз. Түптеп келгенде, біз бүкіл құндылықтар жүйесін қайта қарап, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны