01.09.2021, 17:59 6941

Тоқаев Ұлттық Банк пен Үкіметтің инфляцияны тежеу жөніндегі жұмысын сынға алды

НҰР-СҰЛТАН. 1 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк пен Үкіметтің инфляцияны тежеу жөніндегі жұмысын сынға алды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Біз инфляцияның бақылаусыз өсу проблемасымен бетпе-бет келдік. Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып, инфляцияның алдында қауқарсыздық танытып отыр. Мұндай сылтау ұлттық экономиканың әлсіздігін көрсетеді. Онда "біздің кәсіби экономистеріміздің рөлі қандай?" деген сауал туындайды. Үкімет пен Ұлттық банктің басты міндеті – инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне қайтару", - деді Тоқаев.

 
Оның айтуынша, жалпы сомасы 6,3 триллион теңге жұмсалған дағдарысқа қарсы шаралар жүзеге асырылғаннан кейін экономикамызда артық ақша пайда болды. Алайда, бүгінгі таңда бөлінген қаржы әлі бармай жатқан салалар бар. 
 
Президент, сондай-ақ, мемлекеттің экономикаға тым көбірек араласуы оның өсімін тежейді, сыбайлас жемқорлыққа және заңсыз лобби жасауға әкеп соқтыратынын атап өтті.
 

Мемлекеттік кәсіпорындар әлі де болса көптеген салада басымдыққа ие, жеңілдіктерді жеке дара пайдаланады. Біз бұл проблемаларды шеше бастадық. Мәселен, Мемлекеттік басқару тұжырымдамасында квазимемлекеттік секторды қысқарту және оның тиімділігін арттыру, жұмысының ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қарастырылған", - деді Президент.

 
Сонымен қатар, ол Реформалар жөніндегі жоғары кеңес жекешелендірудің жаңа жоспарын мақұлдағанын, енді оны қатаң бақылау қажет екенін айтты.
 

Бұдан басқа да мәселелер бар. Атап айтқанда, жекелеген ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар шығынға батып жатыр. Сөйте тұра неге олардың бірінші басшылары жауапкершілік арқаламайды? Үкімет бұл мәселені шешуі керек", - деп тапсырды Мемлекет басшысы.

 
Естеріңізге сала кетейік, маусым айында 7,9%-ға дейін күрт көтерілгеннен кейін Қазақстандағы инфляция өсуді жалғастырды және шілде айында 8,4%-ға жетті - 2017 жылдан бері ең жоғары мән.
 
Президент сондай-ақ, екінші деңгейдегі банктер шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайтынын атап өтті.
 

Сондықтан, микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керек. Олар жергілікті жерде жұмыс істейді. Өзінің тұтынушыларын, олардың бизнесі мен мүмкіндіктерін жақсы біледі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мәселе бойынша шешімдер топтамасын әзірлеуі қажет. Стресті активтер деңгейін төмендету жұмысы да айрықша маңызға ие. Біз мемлекет банкирлерге көмектеспеуге тиіс деген шешім қабылдадық", - деді Мемлекет басшысы.

 
Сонымен бірге, ол шектеу қойылып, бұғатталған активтерді экономикалық айналымға қайтару керек екенін атап өтті. Алайда, мұны тек қана нарықтық негізде жүзеге асырған жөн.
 

Бұған заңнамалық негіз болуы қажет. Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, жылдың соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке енгізсін", - деп қосты Тоқаев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны