29.03.2023, 10:01 18606

VIII сайланған Қазақстан Парламентінің бірінші сессиясы басталды

VIII сайланған Қазақстан Парламентінің бірінші сессиясы басталды
Сурет: parlam.kz
Президент бірлескен отырысты ашты

Астана. 29 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - VIII сайланған Қазақстан Парламентінің бірінші сессиясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен басталды. Мемлекет басшысы Парламенттің бірлескен отырысын ашты, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

Мен бір жыл бұрын, осы ғимаратта халыққа жолдауымды жарияладым. Еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындым. Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды", - деді ҚР Президенті.


Ол Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалғанын атап өтті.

Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды", - деді Тоқаев.


Президент кешегі сайлау азаматтардың қатысуының жоғары деңгейін көрсетті деп атап өтті.

Үгіт-насихат кезеңін және дауыс беру барысын ақпарат құралдары жан-жақты көрсетті. Партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізімінде болған жоқ. Яғни, барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысты", - деді Тоқаев.


Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз. Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын-ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік", - деді Президент.


Ол енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретінін атап өтті.

Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті", - деді Мемлекет басшысы.


Президент сондай-ақ әйелдердің және ерекше қажеттілігі бар жандардың Мәжіліске өтуіне жағдай жасалғанын атап өтті. Саяси науқан қоғамдағы әрбір азамат Парламентке мүше бола алатынын және "әлеуметтік лифт" жұмыс істейтінін айқын аңғартты. Әділетті қоғамның қалыптасуы дегеніміз - осы, деді ол.

Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда халық бәрін жіті бақылап отыр. Осы ретте депутаттардың ел алдындағы жауапкершілігі артқанын атап өткен жөн. Сондықтан осы ғимаратта отырған депутаттар 5 жыл бойы саналы, парасатты түрде белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі ел мүддесі үшін қызмет ету қажет. Бұл - "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық" деген қағиданың тағы бір көрінісі", - деп атап өтті Тоқаев.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны