29.12.2022, 10:27 32991

Әзімова ҚР Конституциялық сотының төрағасы болып тағайындалды

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық сот жұмыс істей бастайды, енді әрбір азамат осы органда өзінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын тікелей қорғай алады
Әзімова ҚР Конституциялық сотының төрағасы болып тағайындалды
Сурет: gov.kz
Астана. 29 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Эльвира Әзімованы Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы қызметіне тағайындады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Эльвира Әбілхасымқызы Азимова Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы лауазымына 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындалсын", - делінген Президенттің баспасөз қызметінің хабарламасында.


Эльвира Әбілқасымқызы Азимова 1973 жылы Жамбыл қаласында (қазіргі Тараз) дүниеге келген.

1996 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген, халықаралық заңгер біліктілігі берілді.

Еңбек жолын 1996 жылы ҚР Әділет министрлігінде бастады.

1996 - 1999 жылдар аралығында - халықаралық құқықтық қамтамасыз ету басқармасының жетекші кеңесшісі, бас кеңесші.

1999 - 2005 жылдар аралығында заңнама, халықаралық құқық және хаттама департаменттері басқармаларының бастық орынбасары, бастығы болды.

2005 - 2010 жылдар аралығында - заңға тәуелді актілер және халықаралық құқық, мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау, келісімшарттар және талап-арыз жұмыстары департаменттерінің директоры.

2010 - 2013 жылдар аралығында - Әділет министрлігінің халықаралық шарттарды сараптау департаментінің директоры.

2013 - 2019 жылдары - ҚР Әділет министрінің орынбасары.

2019 жылдың қыркүйек айынан осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарды.

Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен (2007), "Қазақстан Конституциясына 10 жыл" (2005), "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл" (2012) мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

29.12.2022, 11.06 толықтырылды

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысында Палата депутаттары ҚР Конституциялық сотының судьялары лауазымына Еран Сәрсембаев, Асан Ескендіров және Айгүл Қадырбаеваның кандидатураларын бірауыздан қолдады.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық сот жұмыс істей бастайды. Енді әрбір азамат осы органда өзінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын тікелей қорғай алады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 16 наурызда халыққа Жолдауында Конституциялық сотты құру туралы бастама көтерді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны