17.11.2021, 18:13 38745

Қазақстан АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын іске қосады

Қазақстан АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын іске қосады
НҰР-СҰЛТАН. 17 ҚАРАША - Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов "Қазақстан Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына ұсынды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
ҚР Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімге 2019 жылғы 30 желтоқсанда Елбасының, ҚР Президентінің тапсырмаларын орындау, Ұлт жоспары-100 нақты қадамның 73-қадамын және ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хаттамасын іске асыру мақсатында қол қойылды.
 

Келісімнің негізгі мақсаты - ҚР мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу үшін құқықтық база жасау", - деп түсіндірді ИИДМ басшысы.

 
Келісімнің бірегей ерекшелігі оның шеңберінде тараптар әуе компаниялардың, межелі пункттердің және жиіліктердің саны бойынша, оның ішінде жолаушылар тасымалы үшін "ауа еркіндігінің" 5-ші дәрежесімен және жүк рейстері үшін "ауа еркіндігінің" 7-ші дәрежесімен шектеусіз ұшуды орындай алатындығында.
 
 "Эйр Астана" мен SCAT әуе компаниялары АҚШ-қа рейстер орындауды жоспарлап отыр. Ұшулардың басталуы пандемияға байланысты Б-787 "Dreamliner" типті алыс магистральды ұшақтарды сатып алу шараларының 2025 жылдан кейінгі мерзімге ауыстырылуына байланысты болып отыр. Осыған орай АҚШ-қа рейстердің ашылуы 2025 жылға көзделген. 
 
Сондай-ақ, Америка жағының талаптарына сәйкес қазақстандық әуе компанияларының АҚШ-қа рейстер орындауы үшін отандық компаниялар, әуежайлар мен авиациялық билік орындары АҚШ-тың Азаматтық авиациясы Федералдық басқармасының сертификаттын алуы тиіс.
 
Қазіргі уақытта бұл бағытта АҚШ авиациялық биліктерімен тиісті жұмыс жүргізілуде. Келісімді ратификациялағаннан кейін бұл жұмыс "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-да жалғасады. Әдетте, сертификаттау шаралары шамамен 2-3 жылға созылады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны