03.02.2023, 13:46 76506

АМӨЗ-дегі ақау: зауыт бас директорының орынбасары қызметінен босатылды

АМӨЗ-дегі ақау: зауыт бас директорының орынбасары қызметінен босатылды
Сурет: kmg.kz
ҚМГ барлық мұнай өңдеу зауытын мұнай өнімдерін өндірудің жоғары режиміне ауыстырады

Атырау. 3 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытында каталитикалық крекинг қондырғысы тоқтағаннан кейін басталған жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

 "ҚазМұнайГаз" басшысы ҚМГ Басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Арман Қайрденовтің жетекшілігімен Жедел штаб құруды тапсырды. Жедел штаб АМӨЗ жабдықтарындағы ақау толық жойылғанға дейін жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды ұлттық компанияның сайты.

Штабтың негізгі міндеті - орын алған ақауды, сондай-ақ АМӨЗ жұмысында жүйелі сипат алған мәселелерді жедел әрі сапалы шешу. Орынбасарым Арман Қайрденов бұл дағдарыстан толық шыққанға дейін осында болады", - деп атап өтті М.Мырзағалиев.


Кеңес барысында "АМӨЗ" ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Рахымжан Жанғабылов қызметінен босатылды, кәсіпорынның бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатаң сөгіс жарияланды. М.Мырзағалиев сондай-ақ құрылған штабтың басшысы А.Қайрденовке оқиғаға қатысты қызметтік тергеу жүргізуді және оның қорытындысы бойынша қосымша кадрлық шешімдер қабылдауды тапсырды", - делінген ақпаратта.


Мырзағалиев ел бойынша отын тапшылығына жол бермеу мақсатында ашық түсті мұнай өнімдерін көбірек өндіру үшін барлық үш мұнай өңдеу зауытының жүктемесін оңтайландыруды тапсырды.

Ел басшылығының АМӨЗ-ге қатысты бірнеше рет айтқан ескертулерін, сондай-ақ зауыт жұмысындағы жиі үзілістерді ескере отырып, барынша қатаң шаралар қабылдайтын боламыз. Елде ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті болып тұрғанда мұндай жағдайға жол беруге болмайды", - деп түйіндеді М.Мырзағалиев.


Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айының басында Атырау МӨЗ каталитикалық крекинг қондырғысы жұмысының тоқтауына байланысты сұйытылған газ, бензин және дизель отыны өндірісін азайтты.

1 ақпанда ведомство алқасында энергетика министрі Болат Ақшолақов барлық үш қазақстандық МӨЗ-ге жоспарлы жөндеу қажет екенін айтты, өйткені ағымдағы жылы 13,4 млн тонна мұнай өнімдерін өндіру жоспарланып отыр.

Қыркүйек айында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Президент Тоқаевқа баяндамасында Қазақстанда мұнай өнімдерінің рекордтық көлемі - 17 млн тонна өндірілетінін мәлімдеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны