05.03.2021, 15:36 17880

Қазақстанда 2025 жылға дейін 5 жаңа мұнайгаз-химия зауыты пайда болады

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұнай өндіру 86 млн тоннаны құрауы мүмкін.
Нұр-Сұлтан. 5 наурыз. Kazakhstan Today - Қазақстанда 2025 жылға дейін 5 жаңа мұнай-газ химия зауыты пайда болады. Бұл туралы алқа отырысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қазақстанның Энергетика министрлігі ағымдағы жылы іске асырылатын мұнайгаз-химия өндірістерін жеделдету және әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау бойынша міндетті шешуге арналған Мұнайгаз-химияны дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлейді. 
 

Жоба проблемалық мәселелерді, атап айтқанда, мұнайгаз-химия жобаларын шикізатпен қамтамасыз ету, мұнайгаз-химия кластерін құру, қайта өңдеуді дамыту мәселелерін шешуге баса назар аудара отырып, саланы нақты дамытуға мүмкіндік береді", - деді Ноғаев жұма күні өткен алқа отырысында.

 
Бұдан басқа, мұнайгаз-химия жобасын іске асыру кезінде оның қажеттіліктерін ескере отырып, ел Үкіметі мен инвестор арасында жеке келісім әзірлеу мәселесі пысықталуда.
 
Министрдің айтуынша, жоғарыда аталған шаралар 2025 жылға қарай 5 зауыттың құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді, оның ішінде Атырау облысындағы үш зауыт: қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт; техникалық газдар: қуаты 57 млн.текше метр азот және 34 млн. текше метр құрғақ сығылған ауа өндіру бойынша; қуаты жылына 430 мың тонна полиэтелентерефталат өндіру бойынша үш зауыттың құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Шымкентте қуаты жылына 81 мың тонна полипропилен және Шымкент мұнай өңдеу зауытының шикізаты базасында қуаты жылына 57 мың тонна бензинге арналған октан арттырғыш қоспаларды өндіретін жаңа зауыттың құрылысы аяқталады. Оралда қуаты 182 мың тонна метанол (82 мың тонна) және гликоль (100 мың тонна) өндіретін зауыт салынатын болады.
 

Күтілетін нәтиже: өндіріс көлемі 9 есе артып, 2 млн. тонна мұнайгаз- химия өнімін; ел экономикасына инвестициялар көлемі шамамен $3,9 млрд. құрайды. Осылайша, базалық мұнайгаз-химия өнімін өндіру мұнай-газ саласындағы терең өңдеуді дамыту үшін берік негіз болады, бұл біздің шикізат экономикасын әртараптандыру және технологиялық дамуға ұмтылу жөніндегі стратегиямызға сәйкес келеді", - деп айтты министр.

 
Нұрлан Ноғаев 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұнай өндіру 86 млн тоннаны құрауы мүмкін екенін хабарлады.
 

2021 жылдың қаңтар айында қолданылған шектеулерді (ОПЕК+) ескере отырып, ең пессимистік сценарий бойынша 2021 жылға арналған болжамды өндіру көлемі – 83,4 млн.тонн болып белгіленді. Бұл ретте бүгінгі таңда әлемдік мұнай нарығы мен мұнайдың баға белгіленімдерінің бірте-бірте қалпына келу үрдісі байқалуда. 86 млн.тонн жоспарды орындау күтілуде", - деп атап өтті министр.

 
2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай және конденсат өндіру көлемі 85,7 млн.тоннаны, мұнай экспорты - 68,5 млн тоннаны құрады.
 
2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай экспорты 68,5 млн. тоннаны құрады. 2021 жылға арналған жоспар 67,5 млн тоннаны құрайды.
 
2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеу көлемі - 15,8 млн тонна. 2021 жылға арналған мұнай өңдеу жоспары - 17 млн. тонна.
 
2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдерін өндіру көлемі 11,5 млн тоннаны құрады. 2021 жылға арналған жоспар - 12,4 млн тонна.
 
Алқа отырысы барысында министр 2020 жылы өндіру саласы COVID-19 пандемиясынан көп зардап шеккенін атап өтті, бұл мұнай бағасына да әсер етіп, ОПЕК+ келісімі шеңберінде мұнай өндірісін шектеуге, уран өндірісін төмендетуге және тағы басқа салдарға әкеп соқты.
 
2020 жылғы мамыр айында Қазақстан Үкіметі "Көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі операцияларды және өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскелерін пайдалануға уақытша шектеулер енгізу туралы" қаулы жобасын қабылдаған болатын. Осыған ұқсас 2021 жылға арналған қаулыны үкімет 2020 жылғы 29 желтоқсанда (№911) қабылдады.
 
Мұнай өндірісін шектеу шаралары ОПЕК+ келісімі бойынша Қазақстанның міндеттемелеріне және мұнайға деген сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігінің бұзылуына байланысты қабылданды.
 

Үкімет және ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдер қабылдаған мұнай өндіру көлемін қысқарту шеңберіндегі шаралардың арқасында 2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнайдың бағасы 1 баррель үшін $18-ден $50 долларға дейін өсті. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы қоймаларындағы мұнайдың коммерциялық қорлары 3214 млн. баррельден 3077 млн. баррельге дейін төмендеді", - деп хабарлады министр.

 
Оның айтуынша, ағымдағы жылдан бастап бензин мен битумды тауар биржалары арқылы өткізу жоспарланып отыр.
 

Президент Жолдауының аясында мұнай өнімдері мен электр энергиясы саласында биржалық сауданы ретке келтіру және жетілдіру, сондай-ақ бәсекелес саясатты дамыту бойынша тапсырма берілген болатын. Мәселен, биылғы наурыз айынан бастап бензин мен битумды тауар биржалары арқылы өткізу жоспарланып отыр, бұл ретте бензинді өткізу көлемі Министрлік бекітетін ай сайынғы жеткізу жоспарларына сәйкес анықталатын болады", - деді Ноғаев Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

 
Дизель отыны мен керосинді тауар биржалары арқылы өткізуді 2021 жылдың 3-тоқсанында бастау жоспарлануда.
 
Бұдан басқа, 2021 жылдың соңына қарай сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдары арқылы өткізуге толық көшу жүзеге асырылады, деп еске салды ведомство басшысы.
 

Бұл осы саланың ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында газ желісі ұйымдарын аккредиттеу институты жойылады", - деп қорытындылады Ноғаев.

 
Энергетика министрлігі Қашаған кен орнының операторымен бірлесіп, толық көлемде игеру тұжырымдамасын әзірлеуге дайындық жүргізуде, деп хабарлады энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.
 

Біз Оператормен бірлесіп, осы жылдың соңына қарай одан әрі кеңейту тұжырымдамасын пысықтауымыз керек", - деп атап өтті. Қазіргі уақытта тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру кезеңінің барлық нысандары пайдалануға берілді, олардың өндірістік қуаты тәулігіне 400 мың баррельді құрап отыр. Дегенмен Министрлік 2020 жылғы мамыр айынан бастап енгізген шектеулерге байланысты орташа тәуліктік өндіру 280 мың баррель деңгейінде тұр", - деп айтты министр.

 
Ведомство басшысы ағымдағы жылы Қашаған кен орнының шикізаты негізінде құны 860 млн АҚШ доллары, қуаты 1,1 млрд.м3 шикі газ шығаратын газ өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарланғанына назар аударды.
 
Осы жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже – қосымша 800 млн.м3 тауарлық газ өндіру және жаңа жұмыс орындарын құру (құрылыс кезінде – 2800 адам, пайдалану кезеңінде – 600 адам), сондай-ақ мұнай өндіру көлемін 10 млн.тоннаға дейін ұлғайту болып табылады.
 
Бұдан басқа, Теңіз кен орнында құны 45,2 млрд. АҚШ долларын құрайтын Келешекте кеңейту жобасы іске асырылуда ( 01.01.2021 жағдай бойынша жоба шығындары 34,3 млрд. долл.). Жобаны 2023 жылы аяқтау күтілуде, бұл өндіруді жылына 12 млн.тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстандық қамту көлемі 36%.
 

Бүгінгі таңда жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, жоба бойынша жұмыстардың жалпы прогресі 81%. 2021 жылы жұмыстар прогресінің күтілетін деңгейі 90%-ды құрайтын болады", - деп атап өтті Ноғаев.

 
Қарашығанақ жобасына қатысты Газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау және Газды кері айдаудың 4-ші компрессоры жобасы сияқты инвестициялық жобалар белсенді іске асырылуда. Аталған жобаларды іске қосу Өнімді бөлу туралы келісім (ӨБТК) мерзімінің соңына дейін қосымша 18,5 млн.тонна сұйық көмірсутегін өндіруге мүмкіндік береді, жиынтық инвестиция сомасы $1 млрд 678 млн.
 
Сонымен қатар, 2020 жылғы желтоқсан айында Қарашығанақ кен орнын кеңейту-1-кезең (ҚКЖ-1) ірі инвестициялық жобасын іске асыру бойынша Түпкілікті инвестициялық шешім қабылданды. Бұл газды кері айдаудың 5-ші компрессорын іске қосуды ескере отырып, сұйық көмірсутегін өндіруді жылына 10-11 млн. тонна деңгейінде ұстауға бағытталады.
 
Жобаның бюджеті 970 млн АҚШ доллары. Аяқталу мерзімі - 2025 жыл.
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны