11.10.2022, 14:00 12816

Жыл басынан бері Қазақстанның ЖІӨ өсімі 2,8% құрады

Жыл басынан бері Қазақстанның ЖІӨ өсімі 2,8% құрады
Астана. 10 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Биылғы қаңтар-қырқүйекте Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,8%-ды құрады. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 3,1%-ды, ал қызмет көрсету саласында 1,9%-ды құрады, деп хабарлады Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
 
ҰЭМ басшысының ақпараты бойынша, оң өсу қарқыны ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, құрылыс, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі, сауда, және тау-кен өндіру өнеркәсібі салаларында тіркелуде.
 

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7%-ға дейін жеделдеген. Инвестициялардың өсімі білім беруде 45,7%-ға, саудада 23,3%-ға, құрылыста 22,9%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар бойынша 17,5%-ға, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 10,7%-ға, көлік және қоймалау бойынша 9,2%-ға, ауыл шаруашылығында 7,5%-ға ұлғайды", - деді Қуантыров.

 
Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Қызылорда, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалуда.
 
Биылғы қаңтар-тамызда сыртқы сауда тауар айналымы 36,3%-ға өсіп, $86,3 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 50,6%-ға өсіп, $56 млрд-қа дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 36,5%-ға ұлғайып, $16,6 млрд-ты құрады.
 

Тауарлар импорты $30 млрд-ты құрады. Жалпы оң сауда балансы $26,4 млрд-ты құрады", - деді Ә. Қуантыров.

 
Сондай-ақ, министр бұл ретте өндірістің өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 8,9%-ға төмендеуі тіркелгенін айтты.
 

Аталған кезеңде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 5,1%-ға ұлғайды. Көрсеткіштің оң өсуі 17 өңір бойынша тіркелді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Шымкент қаласында, Қызылорда, Ақмола, Алматы және Түркістан облыстарында байқалуда", - деді Қуантыров.

 
Биылғы қаңтар-қырқүйекте 10,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 0,9 %-ға артық, деп нақтылады спикер.
 
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 6,9%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Қостанай, Ақмола, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетті.
 

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай: Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсім 6 өңірде – Ақмола, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалуда. 6 көрсеткіш бойынша өсім 8 өңірде байқалуда. Бұл Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласы", - деп қорытындылады министр.

 
Ұлттық экономика министрлігінде Қазақстан экономикасын дамытудың үш сценарийі айтылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны