22.06.2026, 12:45 201

Ағымдағы жылдың бес айында ҚТЖ желісімен тасымалданған жүк көлемі 130 млн тоннадан асты

2026 жылғы қаңтар - мамыр қорытындысы бойынша "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ желісінде жүк тасымалдау көлемі 131 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3% өсті. Оның ішінде республикаішілік тасымалдар 68 млн тоннаға жетті, экспорттық тасымалдар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2% өсіп, 38,2 млн тоннаны құрады, деп мәлім етті мекеменің баспасөз қызметінен.

Аталмыш кезеңде ҚТЖ-ның бүкіл желісі бойынша 43,3 млн тонна тас көмір тасымалданды, бұл 2025 жылғы қаңтар - мамыр көрсеткішінен 3% артық. Жалпы көлемнің 29,8 млн тоннасы қазақстандық тұтынушыларға бағытталса, бұл өткен жылғы деңгейден 2% артық. Экспортқа 13 млн тонна көмір жөнелтілді, өсім 7% құраған.

Ал, астық тасымалдауға келетін болсақ, 2026 жылдың бес айында 6,3 млн тонна астық тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11% артық. Астық экспорты 11% өсіп, 4,9 млн тоннаға жетсе, экспорттық қатынаста ұнтақ өнімдерін тасымалдау көлемі 18% ұлғайып, 1 млн тоннаны құрады.

Ағымдағы жылдың қаңтар - мамыр айларында ҚТЖ желісі бойынша түсті кен тасымалы 8,6 млн тоннаны, құрылыс материалдары 7,1 млн тоннаны құрады.

Жүктердің бірқатар негізгі номенклатуралары бойынша өсім тіркелді: 12,1 млн тонна мұнай жүктері (+4,3%), 6,8 млн тонна қара металдар (+11,4%), 9,5 млн тонна темір рудасы (+13,3%) тасымалданды.


 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны